Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жіберді

Almaty.tv
Almaty.tv
Кері қайтарда ұшақ сондағы қазақстандықтарды эвакуациялайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Украинаға дәрі-дәрмекке толы гуманитарлық көмек жіберді. Жалпы салмағы 28 тоннадан асатын жүктің жартысы бүгін таңғы сағат 8.00-де Алматы халықаралық әуежайынан жөнелтілді. Бұған дейін Украина билігі елімізге гуманитарлық көмек cұрап, ресми өтініш жасаған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев украин халқына шұғыл көмек көрсету бойынша нақты тапсырма берген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

  

Бүгін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірлесуімен Алматы халықаралық әуежайынан Air Astana әуе компаниясының ұшағы Украинаға гуманитарлық көмек жеткізеді. Алматыдан тікелей Катовице қаласына қатынайтын жүктің жалпы салмағы 28,2 тонна және онда 17 түрлі дәрі-дәрмек қамтамасыз етілген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға гуманитарлық көмек жеткізу бойынша тапсырма берген еді. Сәйкесінше, Үкімет жанындағы Халықаралық гуманитарлық көмек көрсету мәселелері жөніндегі комиссия шұғыл шешім қабылдап, антибиотиктер мен антигипертензивті препараттар, қабынуға және жөтелге қарсы дәрілер тиелген жүктің бірінші бөлігі –16 тоннасын бүгін Польшаға жөнелтті.  

«Бұл комиссия тарапынан шешім қабылданып, осы Украинаның өтініші бойынша және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты берген міндеті бойынша бұл гуманитарлық көмек әртүрлі препараттардың құрамынан жиналды», - деді «СҚ-Фармация» ЖШС Алматы қаласы бойынша өкілдігінің менеджері Шолпан Әділбекова.

Украинаға жеткізілетін дәрі-дәрмекті әуежай қызметкерлері ұшақтың жүк салғыш бөліміне 20 минутта орналастырды. Осылайша, гуманитарлық көмек тиелген әуе кемесі бүгін түске таман Катовице қаласына жетеді. Кері қайтарда ұшақ сондағы қазақстандықтарды эвакуациялайды деп хабарлады Air Astana компаниясының өкілі.

Air Astana әуе компаниясының Boeing-767 ұшағы гуманитарлық жүкпен бүгін Алматыдан Катовицеге сағат 8.00-де ұшып, Катовицеге 11:20-да қонады. Қайтар рейспен қазақстандықтарды 15 наурызда сағат 02:40-та алып ұшып, Алматыға 14:20-да жеткізеді», - деді Air Astana АҚ корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірахымов.

Айта кету керек, Украинаға жіберілген барлық препарат Қазақстанда өндірілген және бірнеше күнде жедел жиналған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі қажетті дәрілердің тізімін Украина тарапының сұрауы бойынша дайындапты. Жүктің қалған бөлігін ертең 15 наурызда жөнелту жоспарланып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров