Биыл Алматыда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы онлайн форматта 7 494, ал офлайн түрде 40 мыңға жуық адамға психологиялық тұрғыда көмек көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сала мамандары бас қосып, теріс ағымдағы діни ұйымдардың ықпалына ұшырағандарды оңалту бойынша жылдық қорытынды шығарды. Осылайша, олардың қоғамға қайта қосылуына ықпал етуде.
«Деструктивті теріс ағымға кеткен азаматтарды оңалту орталығына өткізгеннен кейін Алматы қаласында құрылған арнайы комиссия тексереді. Комиссияда тексеріп, мемлекеттік органдар қарастырғаннан кейін оларға «оңалтылды» деген қорытынды шығарылса, онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткізіп жатқан шараларға тарта бастаймыз», – деді Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қиқымов.
Сондай-ақ жиында әдістемелік кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақ авторларының сөзінше, бұл нұсқаулық жас мамандардың біліктілігін шыңдай түсуде үлкен маңызға ие. Сондай-ақ теріс діни ағымдардан сақтануда теория жағынан атқаратын қызметі мол.
«Әдістемелік құрал – «Жусан» операциясымен елге қайтарылған әйелдермен тікелей тәжірибеде жұмыс істеп жүрген мамандардың жазған құралы. Құралдың ішінде психологиялық, теологиялық тұрғыдан радикалдарды, қайтарылған кісілерді оңалту бойынша әдістемелік ұсыныстар ұсынылған», – деді исламтанушы Асқар Сабдин.