Төтенше жағдайлар министрлігі су басу қаупі жоғары аймақтарды атады

22.02.2022 20:48

Қазақстан аумағындағы 1823 гидротехникалық нысанның 527-і жөндеуді қажет етеді

Almaty.tv

Төтенше жағдайлар министрлігі су басу қаупі жоғары аймақтарды атады. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болуы ықтимал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, күннің күрт жылынуы, қардың қарқынды еруі, толассыз жауын-шашын сияқты құбылыстар аталған аймақтардағы жағдайды күрделендіруі мүмкін.  

«Жалпы су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру барысында 340 елдімекеннен су басу қаупі алынып тасталды және 385 елдімекенде қауіп барынша азайтылды. Бүгінгі күні су тасқыны қаупі бар 1 010 елдімекеннің 285-і үшін қауіп сақталуда», - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы 1823 гидротехникалық нысанның 527-і жөндеуді қажет етеді. Олардың ең көбі Қарағанды облысында орналасқан.   

«Гидротехникалық құрылыстардың барлық меншік иелеріне тасқын суларды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау үшін тиісті іс-шараларды жүргізу туралы ұсынымдар жіберілді. Су басу қаупін жою үшін министрлік апаттық жағдайдағы 41 су қоймасы мен гидротехникалық нысанды қайта күрделі жөндеуге берген», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.