Алматының құтқару қызметі жаңа 10 автокөлікпен толығады

03.05.2023 01:04

Мегаполисте өрт сөндірушілердің қарамағында 183 көлік бар

Almaty.tv

Алматының құтқару қызметі жаңа 10 автокөлікпен толығады. Төтеншеліктерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін қала билігі қаражат бөлмекші. Бұл туралы Ерболат Досаевтың азаматтық қорғаныс нысандарына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Шаһар басшысы 5 шағынауданды өрттен қорғайтын депоның құрылыс барысымен де танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаладағы азаматтық қорғаныс нысандарының бүгінгі ахуалымен танысу үшін қала әкімі Ерболат Досаев ең алдымен Төтенше жағдайлар департаментінің бас ғимаратына барды. Онда шаһар басшысына өртке қарсы және апатты-құтқару техникалары көрсетілді. Бүгінде мегаполисте өрт сөндірушілердің қарамағында 183 көлік бар. Мегаполис әкімі құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту үшін қосымша 10 автокөлік сатып алуға қаржы бөлетінін жеткізді. Сондай-ақ Түркиядағы зілзаладан кейін бауырлас елге көмекке барып, атқарған қиын жұмыстары үшін құтқарушыларға алғысын білдірді.    

«Түркия Республикасының елшісі келіп, тағы рақмет айтты. Алматыдан барып, бірінші жәрдемді сіздер бердіңіздер. Мен сіздерге амандық тілеймін!» – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бүгінде қалада телескопиялық көтергіштері бар 3 автокөлік қолданыста. Олардың көмегімен биік ғимараттардың жоғарғы қабатында құтқару операциялары жүргізіледі. Ерболат Досаев осындай автомобильдердің қатарын арттыруды және медициналық қалдықтарды тазартатын 5 пневматикалық жабдық сатып алу керегін алға тартты. Бұдан бөлек, «Апаттар медицинасы орталығының» мамандары қазір өзіне тиесілі ғимаратқа зәру. Бұл мәселені шешу үшін шаһар басшысы қаражат бөлуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Бостандық ауданындағы жаңа өрт сөндіру депосының құрылысымен танысып, жұмысты желтоқсан айына дейін бітіруді тапсырды.

«Қазіргі таңда Алматы қаласының өрт қауіпсіздігін 19 өрт сөндіру депосы қамтамасыз етіп отыр. Қосымша 15 өрт сөндіру депосы қажет. Алматы қаласы әкімінің қолдауымен қажетті өрт сөндіру депосының құрылысы кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда биыл 3 өрт сөндіру депосының құрылысы жоспарланған. Соңғы 6 жылда жергілікті бюджет есебінен 111 бірлік өрт сөндіру техникасы сатып алынды», – деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жасағының бастығы Айдар Сқабаев.

Жұмыс сапары кезінде қала басшысына Төтенше жағдайлар департаментінің кризистік жағдайдағы басқару залының жұмысы көрсетілді. Оның базасында моренді көлдерді бақылауға және сел қауіпінің деңгейін білуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйесі бар. Бұдан бөлек, 1100 камерамен қамтылған мониторинг жүйесі өрт ошағын анықтап, жедел әрекет етуге жағдай жасайды. Сондай-ақ қазір жер сілкінісі туралы ерте хабарлайтын жүйені іске қосу қолға алынған. Жоба негізінде биыл 17 сейсмостанса қолданысқа берілмек.  

«Жедел басқару орталығына, яғни 101 пультіне келіп түскен барлық қоңырау осы жерде өңделеді. Орталыққа тәулігіне қала тұрғындарынан орта есеппен 300-ден аса қоңырау келіп түседі. Биыл Алматы қаласы өртке қарсы қызмет күші мен құралы 692 шақыртуды қабылдады. 184 өрт оқиғасы тіркелді. Осыған орай, қала тұрғындары мен қонақтарын қарапайым өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауды сұраймын», – деді ТЖД Күштер мен құралдарды «101» Жедел басқару орталығының бастығы Бауыржан Отарбаев.

Сондай-ақ шаһар басшысына Алатау ауданындағы №31 бөбекжай базасындағы қабылдау пункті көрсетілді. Палаталы қалашық төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғындарды орналастыруға арналған. Нысанның жай-күйімен танысқан қала әкімі материалдық қамтамасыз ету керегін айтты. Жұмыс сапарының соңында Ерболат Досаев аудан әкімдіктеріне мемлекеттік активтер басқармасымен бірлесіп, бір ай мерзімде қорғаныс құрылысын коммуналдық меншікке қайтару жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.

Аяулым Көлжігіт, Рашиддин Якупов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы