Сот орындаушылары бүгін Қала құрылысын бақылау басқармасының пайдасына шешілген сот шешімін орындау үшін аталған нысанға бас сұқты. Бір қызығы, мекеме әкімшілігі саудагерлерге базардың сүрілетіні жайлы алдын ала ескертпеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біздің мұнда жиһаз сататын алаңымыз бар. Қоймамыз да осында. Бізге неге бір ауыз ескертпеді екен, тым құрыса орнымызды босатып, дайын отырар едік қой», – дейді осында сауда жасайтын жеке кәсіп иесі күйініп.
Сатушылардың айтуынша, күні кешеге дейін базар әкімшілігі оларға жұмыс жалғаса береді деп келген. Ал базар әкімшілігі болса, өз кезегінде сот шешімімен келіспей, қайта шағым түсіргендерін айтып ақталуда. Негізінен құжатсыз әрі заңсыз салынған базар сәулет және құрылыс талаптарына сәйкес келмейді екен.
«Атқарушылық іс өндірісі қозғалған. Борышкерлерге 17 маусымға дейін өз еркімен бұзып алуға ескерту хат берілген. Алайда ол талаптардың ешқайсысы орындалмаған соң, мәжбүрлі түрде бұзайын деп жатырмыз», – деді Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушысы Арнұр БАҚБЕРГЕН.
Бақылаушы орган өкілдерінің айтуынша, нысан заңсыз салынған. Төтенше жағдай орын ала қалса, ондағы адамдарға қауіп төнуі мүмкін. Ол аздай, нысанның архитектуралық жобалық тапсырмасы енді дайын болған көрінеді. Соның салдарынан нысан басшылығы қаржысын далаға шашып отыр. Бастысы, базар орналасқан жер телімі солардың меншігінде қала береді, тек құрылысты барлық талаптарға сай етіп жасаулары шарт.
«Алдымен жобаны дайындап, сараптамадан өткізулері тиіс. Содан кейін барып барлық талаптарға сай, заңды нысан салуы қажет. Біз қарсылық танытып жатқан жоқпыз, жер теліміне айтар уәжіміз де жоқ. Бірақ адамдар контейнерлерден құрастырылған қоймада жұмыс істейді ғой. Ертең олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Сондықтан оның жұмыс істеуіне біз жол бере алмаймыз», – деді Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бағдат МӘНІЗОРОВ.
Ал базар әкімшілігі бір күнде нысанды сүріп үлгермейміз деп отыр. Қазір өз күштерімен нысан құрылымдарын алып жатыр. 9 мың шаршы метр аумақты алып жатқан базарды сүріп, сот шешімін орындау үшін қосымша уақыт беруді сұрады.
«Бұл бір күннің немесе бір-екі аптаның жұмысы емес. Яғни уақытты талап етеді. Біз сот шешіміне қарсы шықпаймыз. Бірақ қайталама шағым түсірдік. Әзірге өз күшімізбен жұмысты бастадық. Кейін мамандандырылған компанияны тартамыз. Барлық ауыр құрылыс-сүру жұмыстарын солар жүргізеді», – деді «Северал» ЖШС басқарушы директоры Болат ҚОЖАҚОВ.
Қалай десек те, сот шешімі орындалуы тиіс. Егер белгіленген уақыт аралығында базар әкімшілігі нысанды сүріп үлгермесе, сот орындаушылары қосымша техникамен қамтамасыз етеміз деп отыр. Барлығы әкімшіліктің есебінен жүреді.
Азамат Әуезхан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы