«Сот шешімі шықса да, кәсіпорын жұмысын тоқтатар емес». Осылай деген Алматы облысы Қайназар ауылының азаматтары заңсыз кірпіш зауытының әлі күнге дейін сүрілмегеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар ауылға іргелес жатқан кірпіш зауытымен жылдар бойы алысып келеді. Олар бірнеше мәрте сотқа арыз түсіріп, жеңіп те шыққан. Алайда кәсіпорын жұмысын әлі тоқтатпаған көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, сот орындаушылары келіп, нысанды толық сүруі керек болатын.
– Біз 160 мың теңге төлейміз деп 2 трактор таптық. Сот орындаушысы жоқ. Бейсенбіде келеді, – деді Қайназар ауылының тұрғыны Дәкенай Сәмбетбаев.
Ауыл азаматтары зауыттан зиян шеккендер көп деп отыр. Шаң-тозаңнан демікпе болып ауырып, айыға алмай жүргендер де бар көрінеді. Жұрт «топырақты қаза бергеннен пайда болған жар елдімекенге қауіп төндіруі мүмкін» деп алаңдаулы.
– Бұл зауыт тұтас сүрілуі керек болған, санитарлық нормаға сай емес, – деді Қайназар ауылының тұрғыны Бауыржан Қалиев.
Елдің ескертуі естусіз қалмасын деп, жиналған жұртпен бірге аудан басшысын іздеп Есікке бардық. Көпшілік сот орындаушыларының селқостығын сынға алып, прокурорлар істі қадағаласа деп талап етіп отыр.
Ал Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасы істің сағызша созылуын кәсіп иесінің апелляцияға беруімен байланыстырды.
– Жер телімін алып, барлық жұмыс жүргізген. Бірақ кірпіш зауытын салуға рұқсат берілмеген. Өз еркімен бұзу бойынша ешқандай жұмыс атқарылмаған соң, мәжбүрлі түрде сүру ісі қарастырылып жатыр, – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының прокуроры Карина Құнарбаева.
Сұхбат беруге келіскен кәсіпорын өкілі дамытып отырған ісі тоқтап қалғанын жеткізді. Сондай-ақ 30 адамның жұмыссыз қалғанын айтты.
– Отыз адамды жұмыспен қамтып отырғанбыз, бәрі жұмыссыз қалды. Бұл зауытты ұйғыр кісіден сатып алғанбыз. Ол кезде ауылда наразылық барын білмедік, – деді кірпіш зауытының өкілі Арафат Нұртайұлы.
Сот шешімі бойынша кәсіпорын өз еркімен бұзу жүргізбеген соң, енді оларға қатысты мәжбүрлі шара қолданылмақ. Көпшілік айтқан келісімге сәйкес, алдағы бейсенбіде зауытқа ауыр техника келіп, сот орындаушылары нысанды тас-талқан етпек.
Әлібек Шынтемір, Мұратбек Алмасқан, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында күріш алқабы қысқарады