Атырауда жаңа үйге миллиондап қаржы салған үлескерлер далада қалуы мүмкін. Олар осыдан 3 жыл бұрын баспанасына құйған ақшасын ала алмай жүргенін айтты. Әу баста жер жарған жарнамаға алданғандар үйсіз, ақшасыз, далада тентіреп қалған. Ал кооператив иелері тұрғындар сөзін жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиналған үлескерлер бір жыл ішінде қоныс тойын тойлауы тиіс еді. Алайда олар жер сипап қалғанын айтып отыр. Кооперативпен өзара келісімшартқа отырған, бірақ олар еш себепсіз шартты бұзып, уәдені орындамаған. Көпшіліктің айтуынша, келісімді бірнеше рет өзгертіп, 2 рет шарт жасасқан.
– 10 млн теңге үйдің бағасы, алғашқы 1 млн теңгесін 18 ай жинадық. Пәтер кезегі келді, бірақ олар пандемия салдарынан келісімшартты өзгертті. Енді 30 пайыз, яғни 3 млн теңге салу керек. Оған да келісіп, пәтер қашан берілетінін сұрағанда «6 ай күтесіз» деп шығарып салды, – деді үлескер Руслан Қайбеков.
– Басында 200 мың теңгемен тіркелдім. Он алты ай ішінде қаражатты толық төледім. Келесі кездесуде «үй қымбаттап жатыр, ақшаның 30 пайызын сал» деді. Ақшаны қайтарып алу үшін өтініш бердім. Қолыма «90 күннің ішінде ақшаңды аласың» деп қағаз берді. Бірақ бір жыл өтті. Ақша әлі жоқ. Келсем, иттей қылып қуып жібереді, – деді үлескер Маргарита Аманжолқызы.
Аталған кооперативтің бас кеңсесі Астана мен Алматыда орналасқан. Жауаптылармен ұялы байланыс арқылы хабарластық. Олар үлескерлердің уәжі орынсыз екенін әрі қаржы кезең-кезеңімен қайтарлып жатқанын алға тартты. Тек сабырлық танытып, күту қажет екенін айтты.
– Кезекпен беріледі. Ақша беріліп жатыр. Жұмыс істеп жатырмыз. Қалай ақша түседі, солай беріледі, – деді кооператив менеджері Гүлмира Уапова.
Ал әкімдіктегілер бұл кооперативтен бейхабар екенін айтты. Олар «жер беріп, құжат рәсімдеген жоқпыз» дейді.
– Сәулет жоспарлау тапсырмасына немесе эскиздік келісімдеуге ешқандай өтініш түспеді. Сондай-ақ осы компанияға қатысты тұрғындардан шағым түскен жоқ. Бұл компания туралы сіздерден естіп тұрмын, – деді қалалық Сәулет және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жұмабек Оспанов.
Баспаналы боламыз деп үміттенген тұрғындар құйған ақшаны қайтаруды талап етіп отыр. Кемінде 2-3 ай көлемінде бермесе, Жоғарғы сотқа арыз жазбақ.
Ұлағат Арғын, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Түрмедегі кәсіп: сотталғандар жиһаз цехын ашты