|
23.01.2019 | 19:30
4842

Алматы тұрғындары жыл соңына дейін газбен толық қамтылады

Биыл Алматы қаласы 100 пайыз газбен қамтылады. Мегаполисте ағымдағы жылы 3 мыңнан аса абонентке көгілдір отын қосылмақ. Ал газ компаниялары соғыс ардагері, көпбалалы ана секілді әлеуметтік осал топ өкілдерінің кейбіреуіне табиғи отынды тегін кіргізіп берді

Алматы тұрғындары жыл соңына дейін газбен толық қамтылады

Биыл Алматы қаласы 100 пайыз газбен қамтылады. Мегаполисте ағымдағы жылы 3 мыңнан аса абонентке көгілдір отын қосылмақ. Ал газ компаниялары соғыс ардагері, көпбалалы ана секілді әлеуметтік осал топ өкілдерінің кейбіреуіне табиғи отынды тегін кіргізіп берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Назира Салпанованың бұл пешті жақпағанына бір айдан асыпты. Көмір жағудың машақатынан шаршаған әйел үйлеріне тегін газ жүргізілгеніне дән риза. Бұрын қалың киініп, қымтанып жүретін балалары да қазір жалаңаяқ шауып жүр.

«Көкқайнарға 2014 жылы көшіп келдік. Оған дейін үйде көмірмен от жағып отыратынбыз. Өздеріңіз білесіздер, көмір жағу өте қиын әрі баламен оңай емес. Жылына 5 тоннадай көмір түсіретінбіз. Кейде көмір болмай қалған кезде үйіміз көгеріп, қиналған шақтарымыз болды. Газ деген рахат екен ғой, негізінде. Үйіміз жып-жылы. Берекеміз кіріп, балалар да емін-еркін ойнай беретін болды», – дейді көп балалы ана Назира САЛПАНОВА.

Көпбалалы ананың айтуынша, оларға газды небәрі, бір аптаның ішінде жүргізіп берген. Есептеуіш құрал бойынша алғашқы түбіртек осы айдың аяғында келеді екен. Көгілдір отын кіргелі үй шаруашылығындағы тірліктерім әлдеқайда жеңілдеп қалды дейді Назира. Бұл отбасыдан бөлек, халықтың осал топтарына тегін газ тарту бағдарламасына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жаңдар да кірген. Сонымен қатар, газ компаниялары 50 пайыздық жеңілдікпен бөліп төлеу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Соның арқасында халықты көгілдір отынмен қамту айтарлықтай өсті дейді сала мамандары.

«КазТрансГаз Аймақ инвест» жобасы аясында тағы 14 жоба жүзеге аспақ. Бұл 1300-ге жуық абонент 2019 жылы газға қосылады деген сөз. Олар – жаңадан салынып жатқан көппәтерлі үйлер мен жеке үйлер. Ал 2019 жылдың аяғына қарай қала бойынша 100 пайыз газбен қамту жоспарланып отыр», – деді Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Аслан ЖАРМАҒАМБЕТОВ.

Биыл Алматы тұрғындарының өтініші бойынша, 3 мыңнан аса абонент газға қосылады. Бірінші кезекте өткен жылдан қалған 2 217 тұрғын үй бар. Оның 200-іне көгілдір отын жүргізіліп қойса, 1 мың абонент үшін бүгінгі күні газ қолжетімді. Ал қалған 1700-і осы жылдың шілде айынан бастап табиғи отынның қызығын көрмек.


Тоғжан Жалғасбекқызы,
Мұрат Тайжан,
«Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир