Ауыл әкімдерін сайлау: Қызылорда облысында дайындық қалай жүріп жатыр

almaty.tv
almaty.tv
Өңірде 40 ауыл округінің әкімі сайланады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, кенттер мен ауыл әкімдерін сайлау 25 шілдеде өтеді. Қазір өңірлерде науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ертең, яғни 14 шілдеде үгіт-насихат жұмыстары басталады. Аймақтағы ағайын сайлауға қатысуға дайын ба? Саяси додада биыл қанша ауылдың әкімі сайланады?  Almaty.tv тілшісі баяндайды.

Қызылорда облысына қарасты Нағи Ілиясов ауылының халқы 25 шілдеде өтетін әкім сайлауын асыға күтеді. Себебі жұрт жаңа басшы келуімен түйіткілдер оң шешіледі деп үміттенеді. Ауыл тұрғындары сайлауға қатысып, өз дауысын беруге әзір отыр.

«Көшелеріміз ойылған, жарылған жерлері бар. Ой-шұқыры көп. Осылар жөнделуі керек. Сосын енді мына жерасты ыза суы жердің бетіне шығып, өсіп тұрған жеміс ағаштарына залалы тиіп тұр. Жерасты суын тартатын көлбеу сорғылар орнатып жатыр. Бірақ сорғылар толық іске қосылмай тұр. Қазып, дайындап қойды. Соны тезірек іске қосса жақсы болар еді», – деді Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Төребек Жұмабекұлы.

«Ертеңгі ауылымызда өтетін 25 шілде ауыл әкімдерін сайлау күніне ұсынылған кандидаттардың ішінен өзіміздің жүрегімізге жақын, ауылдың, елдің тыныс-тіршілігін білетін, халықтың жағдайын білетін адамға дауыс беріп, өз қалауымызды жасаймыз деп ойлаймын», – деді Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Сәуле Найзатаева.

Өңірде 40 ауыл округінің әкімі сайланады. Ұсынылған кандидат саны - 151 адам. Оның 80-нен астамы тіркеуден өткен. Ал қалған үміткерлердің заңнама талаптарына сәйкестігі анықталып жатыр. Бұл жұмыстар ертеңге дейін жалғасып, үгіт-насихат жұмыстары басталады. Насихат жұмыстары 24 шілдеде аяқталмақ.

«151 кандидаттың 9-ы - әйел, яғни 5,9% құрап отыр. Ең жас кандидат 25 жаста. Ең үлкені 62 жаста. Кандидаттардың орташа жасы 41 жасты құрап отыр. Ұсынылған кандидаттардың мамандықтар бөлінісі бойынша ең көбі – мұғалімдер», – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.

Ал Батыс Қазақстан облысында сайлау 31 ауылдық округте өтеді. Көп ауылдың әкімі зейнет жасына жеткендіктен, енді бірінің өкілеттік мерзімі аяқталғандықтан жаңадан сайланады. Жалпы облыста 93 кандидат ұсынылған. Соның 40 пайызы саяси партиялар, 53 пайызы өзін-өзі ұсынған азаматтар. 79 сайлау учаскесі құрылған.

«Сайлауға 38 мыңнан астам азамат қатысады деп отырмыз. Үлкен ауыл округтары бар, олардың сайлаушыларының саны 6 мыңдай, бірінде 2 мыңнан бар, одан да азы да бар. Егін орағында жүргендер, жазғы жайлауға көшіп кеткендер бар солардың бәрі сайлауға қатысуға мүмкіндіктер жасаймыз», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

Халық өз ауылының басшысын таңдау үшін таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сайлау учаскелеріне барып дауыс бере алады. Жалпы елімізде 2346 ауылдық округ әкімі болса, биыл соның шамамен 775-і сайланады.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров