Биыл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арнаған Өтеген Сейітовтің туғанына 100 жыл. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға Қазақстан Республикасы прокуратурасының беделді қызметкерлері мен жас прокурорлар, заң факультетінің студенттері қатысты.
«Бұл жерде жас прокурорларға, студенттерге осы кісінің өмірбаянын айта келе, қалай қызмет ету керегін, қандай да нәтижеге жету үшін не істеуге болады, қалай дайындалу керегін айтып отырмыз», – деді прокуратура органының ардагері Бұлтбай Мамытов.
Іс-шара барысында аты аңызға айналған прокурордың өмір жолы жайлы мол мағлұмат айтылып, көз көргендер естелік айтты. Конференцияға қатысушылардың назарына Өтеген Сейітұлы жайында деректі фильм ұсынылды. Айта кетейік, елдегі заңды нығайтуға үлес қосқан тұлға есімін мәңгі есте сақтау мақсатында 2023 жыл прокуратура органдары үшін «Сейітов жылы» деп жарияланған еді.
«Өтеген Сейітұлының көп еңбегі сіңді. Ол елімізде негізгі заңдар қабылданғанда басы-қасында жүрді. Қазақ прокуратурасының қалыптасуына зор үлесін тигізді. Сондықтан да ол кісіні құрметтеп, жиі еске алуға тырысамыз», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов.