|
11.01.2023 | 15:51
4092

Қоғамдық орында айтылған балағат сөзге айыппұл салынады - көпшіліктің пікірі қандай

Аталған түзетулер ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі

Қоғамдық орында айтылған балағат сөзге айыппұл салынады - көпшіліктің пікірі қандай Almaty.tv

Елімізде қоғамдық орындарда айтылған әдепсіз сөздер үшін айыппұл 4 есеге дейін өседі. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция департаментіндегілер хабарлады. Енді ұсақ бұзақылық үшін сот 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 17 мың 250 теңге айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасын тағайындайды. Демек жаңартылған кодекс бойынша, айыппұл 20 айлық есептік көрсеткіш – бұл дегеніміз 69 мың теңгені құрайды немесе 5 күннен 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасын көздейді. Енді қоғамдық орындарда бейберекет сөйлеп, балағат сөздер айтатын болсаңыз, айыппұл арқалайсыз. Ол аздай, 30 күнге қамалуыңыз мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жаңа нұсқасында қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және айналасындағыларға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналады», – деді  ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев.

Ал қоғам белсенділері бұл заң талаптарын жіті қарастырып барып қолданысқа енгізу керектігін айтады. Әсіресе ауызекі сөйлесудегі қалжың мен әжуа арасын ажыратып алған жөн.

«Шіріген ауыздан іріген сөз шығады» дейді. Былапыт сөз айтқан адамды қазақ мақтамайды. Бұл қазақ мәдениетіне жат нәрсе. Біріншіден, Қылмыстық Кодекстің 131-бабы бар осыған ұқсас. Қорлау дейді, адамның жеке басына тиісу деген жауапкершілік бар. Жолдастары бір-бірімен қалжыңдасып, руластары, нағашы-жиендері осындай кездерде осыны қай жаққа жатқызамыз? Сондықтан бұны менің ойымша нақтылау керек», – деді қоғам қайраткері, филолог Дос Көшім

Көпшілік арасында да аталған заңға қатысты түрлі пікір өріп жүр. Көбі тәртіп орнатқан дұрыс деген пікір айтқанымен «талаптарын реттеп алған жөн» деп отыр.

– Боқтағанда айыппұл салынса, өз басым дұрыс деп ойлаймын. Біреуді боқтағандұрыс емес деп ойлаймын. Ал өзімен-өзі боқтап жүретін адамды түсінбедім.

– Жазаға тартылу керек. Қамауға болмайды ғой енді.

– Тамақ ішіп отырып қақалып қалсаң бәрі боқтайды ғой. Үйде де боқтайсың, далада боқтайсың. Айыппұл  салса, тағы бір бес алты рет боқтап тастайсың ғой.

– Боқтамау керек, себебі жастар өсіп келе жатыр.

«Ұсақ тәртіп бұзушылық өршіп барады. Жекеге өту, балағаттау секілді жағдайларды қоғамдық орындарда да кездестіріп жатамыз. Енді елде сұрақ туындайды, егер басқалар боқтаса мен неге олай ете алмаймын деген секілді. Психологиялық көзқарас солай», – деді заңгер Азамат Бекқұлов

Заң талаптарына сәйкес енді балағат сөз үшін айыппұл 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 69 мың теңгені құрайды, ал қамауға алу 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзарады екен. Аталған түзетулер ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Аяулым Көлжігіт, Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» теларнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир