Орман өрті: республиканың барлық аймағында бақылау жұмысы күшейтілді

22.05.2024 21:33

Биыл ел аумағында 33 орман және 100-ден аса дала өрті тіркелген

Almaty.tv

Биыл ел аумағында 33 орман және 100-ден аса дала өрті тіркелген. Тілсіз жаудың алдын алу үшін қазір республиканың барлық аймағында қызыл жалынға қарсы бақылау жұмыстары күшейтілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төтеншеліктердің ақпарынша, елдегі мемлекеттік орман қоры алқабы бүгінде 30,9 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 13,7 млн гектар алқап – орманмен көмкерілген жерлер.

– Әкімдіктерде мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елдімекендерді қорғау үшін республикалық 720 өрт сөндіру бекеті құрылды. Өрт сөндіру науқаны басталған кезде барлық өрт құрылым қызметкерлері оқу сабағын өтеді, – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев.

Төтеншеліктер дабылынан соң, өңірлерде мамыр-маусым айларында профилактикалық іс-шаралар жоспарланған. Бұл жұмысқа республика бойынша 50 мың адам мен 10 мыңнан астам техника жұмылдырылады. Қызыл жалын тұтана қалса, әуе күштері де тартылатын болады. Бүгінде су төгетін құрылғылармен жабдықталған  «Қазавиақұтқару» авиациясының 19 борты әзірленген.

– Биыл 3,8 млрд қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа жоғарыда айтып кеткен өрт сөндіру техникалары, тракторлар, басқа да жабдықтар алынып жатыр. Кешенді жоспар 5 жылға бекітілді. Бес жылдың ішінде өртке қарсы 1000-нан астам техника алынады. Биыл министрлік тарапынан 15,4, жергілікті атқарушы органнан 3,8 млрд қаржы бөлінді, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік бақылау Орманды қорғау және сақтау басқармасының басшысы Ануарбек Бермағамбетов.

Оқи отырыңыз: Мексикада аптап ыстықтан маймылдар қырылып жатыр