Ақтөбеде көлік иелерінің салық органдарына 300 миллион теңгеден астам берешегі бар. Қазір құрамында полиция қызметкерлері, мемлекеттік кірістер департаменті мен жеке сот орындаушылары бар екі мобильді топ қаланы аралап, анықтау жұмысын жүргізуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Құзырлы орган өкілдері салық берешегін өндіру бойынша көліктерге рейд жүргізеді.
- Мен сатып жіберген көлікке салық келген. Оны білмей қалдым. Тіркеуден шығарылған көлік болатын. Қарызым болса, тіркеуден шығарылмайтын еді. Қазір 27 мың теңге салық келіп тұр, - дейді көлік иесі.
Көлік иесінің қарызы болған жағдайда, темір тұлпарын айып тұрағына жеткізеді. Толық сома төленіп, берешегі өтелгенше бұл іспен ары қарай жеке сот орындаушылары айналысады.
Айта кетейік, жыл басынан бері оларға жалпы сомасы 344 миллион теңге болатын 8 мың атқарушылық құжат келген. Ал салық төлеуден жалтарғандардың есепшоттары, жылжымалы және жылжымайтын мүліктері тәркіленеді. Сондай-ақ шекара аса алмайды.
- Үлкен сомадағы қарыз жинақталады. Менің тәжірибемде 980 мың теңгеге жуық көлік салығы өтелмеді. Бұл - шамамен 1 миллион теңге. Азаматтар уақытылы төлемей, уақытты оздырып алады. Жалған ақпараттарға сеніп, "салықты 1 маусымнан немесе 1 қыркүйектен кейін төлеу керек деп естідім" дегенді олардан жиі естиміз, - деді жеке сот орындаушысы Айбек Досқазиев.
Оқи отырыңыз: Көлік тізгінінде телефонмен сөйлескен мыңнан астам павлодарлық жауапкершілікке тартылды