Алматы облысының тәртіп сақшылары бірқатар қылмыстарға қатысы бар ұрылар тобын ұстады

10.02.2020 20:51

Топ құрамында 22-25 жастағы 4 азамат болған

BELNAVINY

Алакөл ауданының полицейлері дүкендер мен жүк көліктерінен мүліктерді ұрлауды кәсіп қылған қылмыстық топты құрықтады. Топ құрамында 22-25 жастағы 4 азамат болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Үшарал қаласында бірқатар ұрлық деректері тіркелген. Қылмыскерлер түнде әрекет етіп, дүкендердің құлыптарын бұзып немесе терезелерінен кірген. Негізінен, тамақ өнімдері, қымбат ішімдіктер, темекі мен шоколадтар және тұрмыстық химия заттары қолды болған. Ал, жүк көліктерінің аккумуляторлары ұрланған.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында еш жерде жұмыс жасамаса да, қаржылай қиындықтары жоқ төрт азамат күдікке ілінді. Олардың сыртынан жедел бақылау жасалып, топтың барлық мүшелері оқиға орнында ұсталды. Олардың кезекті жүк көлігінің аккумуляторын ұрлау әрекеті сәтсіз аяқталды»,- деп хабарлады Алакөл ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Қуат Оспанов.

Тергеу барысында ұсталғандардан айғақзаттар тәркіленді және күдіктілердің бірі дүкендердің құлыптарын арнайы құралдардың көмегімен шебер ашатыны анықталды.

«Топтың үш мүшесінің қылмыстық тәжірибесі бар, осыған орай сот олардың қамаққа алу туралы шешім қабылдады. Олардың екеуі бұған дейін бірнеше рет өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін ұсталса да, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істер қысқартылып отырған. Ал, біреуі қылмыс туралы жеткізбеу және оны жасыру дерегі бойынша сотты болған. Қазіргі уақытта оларға жалпы сомасы 800 мың теңге шығын келтірілген 6 ұрлық дерегіне қатысы бар деген айып тағылды. Сонымен қатар, олардың өңірдегі осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде»,- деп толықтырды полиция подполковнигі Қуат Оспанов.