Егеуқұйрықтар қаптап кетті: Смирнов ауылындағы элеватордан заңсыздық анықталған жоқ

Түн ұйқымыз төрт бөлініп, әбден мазамыз кетті деген тұрғындар бұл шешіммен келіспейтінін айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанның Смирнов ауылындағы элеваторлардың жұмысынан заңсыздық анықталған жоқ. Тұрғындар шағымынан кейін кәсіпорынға тексеру жасаған құзырлы органдар осындай шешімге келіпті. Айта кетейік, бұған дейін ауыл халқы элеваторлардың кесірінен зиянкестер қаптап, шаңнан үй маңына шығу мүмкін емес деп шағымданған еді. Осыдан кейін цех басшылығы арнайы сараптама жасатқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ұлттық сараптама орталығы филиалы зертханасының мамандары, уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен, ауыл тұрғындарының, «Ертегі» ЖШС қызметкерлерінің, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен тиісті өлшемдер жасады. Кеше ғана Ұлттық сараптама орталығы зерттеу нәтижесін шығарды. Хаттамаға сәйкес, зиянды заттардың асып кетуі, сондай-ақ тұрғын үй аумағындағы шу деңгейінің асып кетуі анықталмады», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кенбейілов.

Алайда түн ұйқымыз төрт бөлініп, әбден мазамыз кетті деген тұрғындар бұл шешіммен келіспейтінін айтады. Сондықтан тиісті органдарға тағы шағымданбақшы.

«Мен немеремді, балаларымды осында жүргендерін көргім келеді. Оларға жақын болғым келеді, бірақ біздің экология оған мүмкіндік бермейді. Нәтижесіне бірден келіспеймін. Бұл элеваторларды жабыңдар деп айтпаймын. Бірақ ел пікірі де ескерілуі тиіс», – деді Смирнов ауылының тұрғыны Бағдат Тұрсынбаева.

Новости партнеров