Алматы облысында әйелін тапсырыспен өлтірген ер адам сотталды. Ол 34 жасар келіншегін 1 жасар қызының көзінше қатігездікпен өлтірткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға былтыр 13 қарашада болған. Ерлі-зайыптылар нәрестесімен бірге Қапшағай тас жолындағы «Магнум» сауда орталығына азық-түлік алуға барған. Қайтар жолда күйеуі «түзге отырамын» деген сылтаумен ешкім жоқ жерге тоқтап, көліктен 150 метрдей жерге алыстап кеткен. Осы кезде жалдамалы адам өлтіруші келіп әйелді пышақпен тілімдеп тастаған. Сұмдық жағдайдың барлығы 1 жасар бөбектің көз алдында болған. Тергеу барысында үй отағасының өз танысына 2 миллион теңге беріп, әйеліне қастандық жасауға тапсырыс бергені анықталды. Марқұмның күйеуі Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 5,7,8-тармақтары бойынша 18 жылға сотталып, қатаң режимдегі түзеу мекемесіне қамалды. Кісі өлтіруші де осы бап бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды.