Алматыда әйел суретшілердің көрмесі өтті

Алматыда әйел суретшілердің көрмесі өтті
Онда қылқалам шеберлерінің түрлі жанрдағы 130-дан астам туындылары қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әбілхан Қастеев өнер музейінде «Таң-шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер  қорының көрмесі өтті. Онда қылқалам шеберлерінің  түрлі жанрдағы 130-дан астам туындылары қойылған. Сондай-ақ суретшілердің бояумен ғана емес, тері, киіз паннолары өзге де туындыларын тамашалауға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылықтар мен қала қонақтары түрлі мәдениеттің бейнелеу өнері бір алаңда тоғысқан алаңда жолықты. Аталған көрмеге отандастарымыздан бөлек, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Австралия, Германия, Канада және АҚШ елінің де кәсіби суретшілерінің жұмыстары қойылған. Туындыларда авторлардың жүрек жылуы мен өнерге деген махаббаты, адам мен табиғат арасындағы байланыс, өмірдің өзекті  мәселесі көркем бейнеленеді. Көрменің ерекшелігі авторлардың барлығы әйел. Ал, мақсат - нәзік жандыларды қоғамдық өмірге етене араластыру.

«Мен жұмыс барысында эскизге, оймаққа көп мән беремін. Бір эскиздің өзін шамамен 2-3 жылдай ойланып, әртүрлі бояумен саласың. Жұмыстың өзі 1-2 айдай уақытты алады», – деді суретші Раушан БАЗАРБАЕВА.

«Басты мақсатымыз – отандастарымызға ғана емес, дүниежүзіне насихаттау. Бұл біздің алғашқы іс-шара болғандықтан, біраз күш жігерімізді жұмсадық. Жұмыс барысында көптеген қиындықтар болды, әділ қазылардың қаталдығынан көз жасын төккендер де  бар. Соған қарамастан кәсіби біліктілік басты талап болды», – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жәмила ТӘКЕН.

Көрмеге қойылған туындылардың барлығы осыған дейін еш жерде көрсетілмеген. Сонымен қатар әрбір суретші көркем өнер мәнерлерін, инновациялық әдістерін, креативті ой-тұжырымдарын түсінікті тілде паш етті. Шараға арнайы келген меймандар, төрдегі суреттерді тапжылмай тамашалап тамсанып қайтты.

«Жалпы көрмеге кескіндеме, графикалық мүсін, киіз басу, гобелен өнерлерінен 130 жұмыс қойылып отыр. Негізгі тақырып – реалистік жанр, содан кейін импрессионизм дейміз – барлық бағыттарды қарастыра отырып, суретшілер өзінің шығармашылығындағы қолтаңбасының жеке көрсетуі», – деді көрме жетекшісі Гүлнар ЖҰБАНИЯЗОВА.

Ұлы өнерде шектеу де, шекарада жоқ. Көрмеге қойылған еңбектер дәйектілігімен, боямасыз табиғилығымен құнды. Нәзік жандылар бейнеленген картиналардан ішкі жылылықты, терең лирикалық құрылымды сезінуге болады.

Зере Әмірқызы, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров