Астанада бір топ бала тамақтан уланып қалды

08.07.2024 20:53

Бұл туралы Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді

Unsplash

Елордада бір топ бала Қосшы қаласындағы кәсіпорыннан алынған бәліштен уланды. Бұл туралы Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның сөзінше, жыл басынан бері Ақмола облысында ішектің өткір инфекцияларымен ауырудың 210 жағдайы тіркелген. Бұл 2023 жылғы жағдаймен салыстырғанда 1,1 есе көп. Негізгі себептің бірі – жеке бастың гигиенасын сақтамау, үй жағдайында әзірленген сүт өнімдері мен жеміс-жидек, көкөніс жеу.

Сондай-ақ ол Бурабайға демалуға барып уланған балалар туралы да мәлімет берді.

«Жеке меншік демалыс базасында балаларға саяхат ұйымдастырылған. Ол жерде тамақ істеп, сақтауға арналған орын болмаған. Улануға осы жайт себеп болған. Қызметкерлердің ағзасынан стафилококк табылды. Балалардың бәрі үш күннің ішінде таратылды. Балалардың бәрі басқа жақтан келген болып шықты. Ешбірі емханаға жатқызылған жоқ, мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді», - дейді Айнагүл Мусина.

Санитар дәрігер Қосшы қаласының кәсіпорын рұқсат қағазы болмағанына қарамастан Астанада бәліш сатқанын айтты.

«Тамақтан жаппай уланудың тағы бір дерегі тіркелді. Қосшы қаласындағы кәсіпорын рұқсат беретін құжаттары болмаса да «Лакомка» бәлішін сатып келген. Бәліштер өнімді сақтау тәртібін орындамастан тасымалданған. Соның салдарынан Астанада 16 бала уланған. Улану дерегі елордада тіркелгенімен, кәсіпорын біздің облыс аумағында болғандықтан біздің статистикаға кіріп отыр», - деді облыстың бас санитар дәрігері.

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында дүкен өртенді