Биылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайды
Елімізде ауыл әкімдерін сайлау – 25 шілдеде өтеді. Халық өз ауылының әкімін таңдау үшін таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сайлау учаскелеріне барып дауыс бере алады. Қазір өңірлерде саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv
Бүгінде кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталған. Мәселен Қызылорда облысында 40 ауылдық округтың әкімі таңдалады. Қазір өңір бойынша 151 үміткер саяси додада бағын сынамақ.
«151 кандидаттың 9-ы – әйел, яғни 5,9% құрап отыр. Ең жас кандидат 25 жаста. Ең үлкені 62 жаста. Кандидаттардың орташа жасы 41 жасты құрап отыр. Ұсынылған кандидаттардың мамандықтар бөлінісі бойынша ең көбі – мұғалімдер»,– деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.
Жалпы елімізде 2346 ауылдық округ әкімі болса, биыл соның шамамен 775-і сайланады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей халық сайлайды. Бұл өз кезегінде «Естуші мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға, партиялардың өкілеттіктерін кеңейтуге жол ашады.