Су тасқыны: СҚО-да зардап шеккендерге тұрмыстық техника мен жиһаздар сатып алынады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Жобаның іске асуы үшін облыстағы ірі компаниялардың бірі 700 миллион теңге бөлген.
Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да тасқын судан зардап шеккендерге тұрмыстық техника мен жаңа жиһаздар сатып алынады. Бастамаға жергілікті кәсіпорындардың бірі 700 миллион теңге бөліп отыр. Сондай-ақ үйін су алған тұрғындарға құрылыс материалдары да тегін берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Петропавл тұрғыны Галима Ксенникованың жер телімі. Жарты ғасыр бұрын салынған саяжайдағы аталған учаске зейнеткерге анасынан мұра болып қалған. Тұрғын жаз сайын мұнда бақша егіп, күзде өнімін жинайды. Бірақ биыл бұл үрдіс үзіліп, еріген су үйді ғана емес, сол аумақтағы жылыжайды да басып қалған.

– Мен бұл жерді бергім келмейді, қолымнан келгенше осында жұмыс істеп, айналамды әсемдегім келеді. Бізге 100 АЕК мөлшерінде қаржы берілді. Мен үшін бұл күтпеген жағдай болды. Тіпті сенбедім. Құрылыс материалдары туралы да естідім, бірақ әлі ешқайда өтініш берген жоқпын, – деді қала тұрғыны Галима Ксенникова.

Тасқын салдарынан облыс аумағындағы 3 мыңға жуық саяжай үйін су басты. Жергілікті билік тұрғындарды бір реттік төлемнен бөлек, құрылыс материалдарымен де қамтамасыз етуді көздеп отыр.

– Бүгінгі таңда саяжайлардағы қоқысты шығарып жатырмыз. Саяжай жалғыз баспана ретінде көрсетілген тұрғындардың тізімі әзірленуде. Олар тексеріледі. Егер де шынымен жалғыз мүлікі болса, онда не үй беріледі, не саяжайы қайта қалпына келтіріледі, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Зардап шеккендерге жаңа жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынады. Жобаның іске асуы үшін облыстағы ірі компаниялардың бірі 700 миллион теңге бөлген.

– Құрылтайшы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 700 миллион теңгенің көлемінде қаражат бөлуді ұйғарды. Жұмысшылар қай мерзімді көрсетсе де, 100 пайыз төлеуге дайынбыз, – деді вагондар мен локомотивтер өндіру кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Айдос Бекмағамбетов.

Зардап шеккендерге тоңазытқыш, газ плиталары, кір жуғыш машиналар, төсек орындар мен ас үстелі сатып алынады. Қазір тұрғындардың қажеттілігін тізімге енгізетін арнайы топ құрылған. Кәсіпорын көмегімен жалпы саны 520 үй, 197 пәтер жиһаз және тұрмыстық техникамен қамтылады.

Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров