Автокөлікке газ баллонды жабдық орнататын кәсіпорындарға талап күшейтілмек

25.07.2024 23:11

Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер және Энергетика министрліктеріне тиісті тапсыра берді

Almaty.tv

Елімізде автокөлікке газ-баллонды жабдық орнататын кәсіпорындарға талап күшейтілмек. Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз қойылған қондырғы азаматтардың өміріне қауіп төндіретінін айтып, ІІМ тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Премьер-министр Олжас Бектенов автокөліктерге газ жабдығын орнату кезінде қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жатқанын айтып, Ішкі істер және Энергетика министрлігіне тиісті тапсыра берді. Қазір полицейлер құрылғының қалай орнатылғанын емес, техпаспорттағы белгіні ғана тексере алады. Егер темір тұлпар құжатында газ жабдығы бар деп жазылмаса, айыппұл салынады.

– Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының 7-тармағына сәйкес, көлік құралдарының жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, сол үшін 590-баптың 7-тармағына сәйкес 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – деді Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің инспекторы Өмірбек Тұрғынбаев.

Қазақстанда көліктерге газ құрылғысын орнатуға рұқсат та, тыйым да жоқ. Ал қызмет көрсету орталықтарына арнайы талап қойылмайды, оларда  лицензия, мамандарында сертификат болмайды. Себебі оны қадағалайтын құзырлы орган жоқ. Сондықтан газ орнатумен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығы қойылатын талаптың қалай күшейтілетінін түсінбей отыр.

– Арнайы заң болмаса, қызмет көрсету орталықтарына «көліктерге газды заңды орнаттың ба, жоқ па?» деп сұрақ қою қисынсыз. Себебі саланы реттейтін норма жоқ. Кез келген адам үйінде машинасына газ сала алады. Оған ешкім тыйым салмайды. Тек техникалық паспортына белгі қойса жеткілікті, – деді ҚР Көліктерге газ орнатумен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығының төрағасы Алмас Кемелбеков.

Елімізде көліктерге газ орнататын арнайы маман деген түсінік те жоқ. Мамандар көрші елдерге барып, оқып, үйреніп келетін көрінеді. Темір тұлпарларға қызмет көрсететін орталық маманы Тауман Өмірәлиев «салада жұмыс істейтіндердің біліктілігін арттырып, лицензия талап ету керек» деп есептейді. Сонда ғана жауапкершілік күшеймек.

– Көлік комитетіне нақты ұсыныс айттық. Осы салада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру, оларға сертификат беру мәселесін көтердік. Ұсыныс қаралып жатыр. Бірақ бәрін заңмен реттеу керек. Көліктеріне газ орнататын жүргізушілер саны жыл сайын көбеймесе, азаймайтыны анық, – деді Техникалық жөндеу орталығының басқарушысы Тауман Өмірәлиев.

Қазақстанда 565 мың көлікке газ құрылғысы орнатылған. Бұл – ресми статистика. Үй жағдайында орнатып, құжатқа белгі қоймай жүргендері қанша екені белгісіз. Салдарынан машина жарылып, оқыс оқиғалар болып жатқанын көз көріп жүр. Енді билік көліктегі газ құрылғысын пайдалану тәртібін күшейтпек. Аталған жабдықты салған кәсіпкер де, оны қолданып жүрген жүргізушінің де жауапкершілігі артады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Таразда газ бекеттері жанжал орнына айналды