|
19.04.2024 | 15:55
1218

Жығылғанға жұдырық: Солтүстік Қазақстанда елге қажетті қызметтердің құны күрт қымбаттады

Негізсіз баға өсіргендер анықталып жатыр

Жығылғанға жұдырық: Солтүстік Қазақстанда елге қажетті қызметтердің құны күрт қымбаттады Almaty.tv

Қызыл су басқан Солтүстік Қазақстанда елге қажетті қызметтердің құны күрт қымбаттады. Қиын-қыстау сәтте жүк көлігінің жүргізушілері зат тасымалдағаны үшін аспандағы бағаны сұрап жүрген көрінеді. Ал облыс орталығы Петропавл қаласында жалдамалы пәтерлердің де құны өскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Өңірдегі тасқын салдарынан Петропавл-Жезқазған бағыты 5 күндей жабық болған. Су деңгейі белден асқанда жеңіл көліктің қозғалысы тоқтады. Бұл жолмен биік машиналар ғана жүре алған. Жүк көлігін тепкендердің арасында осы сәтті пайдаланғандар көп. Мысалы, астаналық Саматтың айтуынша, олар қалаға жеткізу үшін 40 мың теңге cұраған.

- Тралдармен сөйлессек, олар 10 мың теңге сұрап жатыр. Әр көлікке осындай алады. 1-2 бұрын 40 мың теңге сұрады, - дейді Астана қаласының тұрғыны Самат Беріков.

Ауыр көліктер су басып қалғанға дейін темір тұлпарды қалаға қарай тоқтаусыз тасыған көрінеді. Мұнымен айналысқан жүргізушілер қызметінің бағасын не себепті қымбаттатқанын өзінше түсіндірді. 

- Несиемді ешкім төлеп бермейді. Судың тасығанына кінәлі мен емес. Қала ішінде ғана жұмыс істесем болар еді, онда да баға осы. Көмектескен жақсы, әрине. Бірақ менде төлейтін салық бар. Бала-шағама нан табуым керек, - деді жүк көлігінің жүргізушісі Александр Иванов.

Бірер күн бұрын солтүстікте суда қалған үй саны 2 мыңнан асқаны мәлім болды. Ал Петропавлда қазір жалдамалы пәтер бағасы да шарықтап кеткен. Бұрын 100 мыңға берілген баспана бүгінде 150-200 мың теңгеге көтерілген. Кей жерде тіпті одан да асады.

- Олар бағаны өсіммен береді. Біз соны шағаруымыз керек. Және пәтерлерге қызмет көрсететін қызметкерлер, солардың айлығы бар. Сондай-ақ пәтердің заттары, жарығы, суы бар. Барлығын есептегенде кемінде 210 мың теңге шығуы мүмкін, - дейді пәтер тапсыру бюросының менеджері Сәду Әуезхан.

Ал облыстағы прокуратура жағдай бақылауда дейді. Бағаны негізсіз көтерудің соңы әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

- Баға бақылауда. Көбіне бөтелкедегі судың құнын негізсіз көтерген. Бүгін 1 дерек анықталды. Ескерту беріліп, кәсіпкердің хабарламасы өшірілді. Қазір экономикалық тергеушілермен және әкімдікпен бірлесіп, пәтер бағасын қарап жатырмыз. Онда да негізсіз қымбаттату дерегі бар, - дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Марат Аюпов.

Жөн-жосықсыз баға өсіргендер анықталып жатыр. Өңірде бұдан бөлек, ахуалға қатысты жалған ақпарат таратқан 2 тұрғын жауапқа тартылды. Оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Бұл шамамен 74 мың теңге.

Оразай Нұртайұлы, Нұргүл Алина, "Алматы" телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысы.

Оқи отырыңыз: Қазақ-түрік арасындағы алыс-беріс артады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир