Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустем Әбдрахманов түсіндірді
Интернетте азаматтарды алдап, банк картасы арқылы ақшаларын шешіп алатын алаяқтар көбейіп келеді. Олардан сақтанудың жолын Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустем Әбдрахманов түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қылмыстық іс-әрекеттің тізбегі келесідей: «OLX.KZ» сайтындағы сатылатын өнімді көрген алаяқтар сатушыға хабарласып, өнімді сатып алуға ниет білдіреді. Бірақ кездесуден бас тартып, ақшасын банк картасы арқылы төлеуді ұсынады. Содан соң алаяқ сатушыға сайтқа сілтеме жібереді (фишинг сайты), осы сайт арқылы аударым жасалады-мыс және аударымды растау үшін жәбірленушіге өзінің банктік картасының деректемелерін енгізу керектігі айтылады. Банк картасы туралы ақпарат алғаннан кейін алаяқ қолма-қол ақшаны алу тізбегін іске қосады: ол картаның нөмірін және картаның CVV кодын woopay.kz сайтына енгізеді, оның иесі және абоненттік нөмірдің балансына ақша алғысы келетіндей етіп көрсетеді. Ақша осы мақсат үшін алдын ала дайындалған абоненттік нөмірдің балансына түседі. Осыдан кейін ақша SIM карталардан жасанды адамдардың банктік карталарына аударылып, қолма-қол ақшамен шығарылады», – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рустем Әбдрахманов.