Алматыдағы Баум тоғайы қала тұрғындарына қолайлы бола түспек

Алматыдағы Баум тоғайы қала тұрғындарына қолайлы бола түспек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімдігінің қарамағына өткен Баум тоғайы алдағы уақытта жаңа кейіпте түрленеді. Онда 2 футбол алаңы қайта қалпына келіп, ит қыдыртатын арнайы алаңқай жасалмақ. Бақтың сәнін кіргізу үшін кіші архитектуралық мүсіндер де орнатылады.

Осыған дейін тоғай республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналғандықтан, заң жүзінде қандай да бір жұмыстар жасауға тыйым салынған екен. Бұдан былай Баум орманы жергілікті маңызы бар табиғи ескерткіштер тізіміне кірмек. Қазір бақта жасыл желектің коллекциясы мен санын есептеу жұмыстары жүргізілуде.

«2018 жылы қала тұрғындарына қолайлы болу үшін 70 отыратын орындық қойдық. Кіреберісті ретке келтіріп, орманда адасып кетпес үшін 50 шақты жол сілтегіштер, ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Қазір Баум бағын ретке келтіру мақсатында үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Одан бөлек, зиянкестерге қарсы фитосанитария жүргізіледі. Бұл жұмыстар жыл сайын жалғаса береді», – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр СЕРГЕЕВ.

Биыл бақтағы ағаштардың иммунитетін жақсарту, өсімдіктерді зиянкестерден қорғау жолында биологиялық өңдеу жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ, топырағы сортаң болған аумақтар құнарланады. Қазіргі таңда алқапқа бес орманшы және алты күзетші қарайды. Оған қоса, Баум тоғайындағы қауіпсіздік пен тазалық мамандардың жіті бақылауда. Өткен жылы онда 4 полиция бекеті қойылыпты.


Новости партнеров