Алты жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестивальге барлығы 20 000-нан астам бала қатысқан
Алматыда «Аман келешек» инклюзивті фестивалі күмбезінің астына еліміздің түкпір-түкпірінен 3000 нан астам балалар мен жасөспірімдерді жинады. Тұңғыш президент қорының ұйымдастыруымен биыл алтыншы жыл өтіп отырған фестиваль мақсаты - салауатты өмір салтын қолдайтын жас толқын қатарын көбейту, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Фестивальдің бүгінгі қатысушысы Ақжан Нәби – болашақ автомеханик. Көлік – оның басты қызығушылығының бірі. Оны құрастырып, жөндеуді жаны сүйеді. Сол себепті, робототехника ісін жақсы меңгеріп алған. Сүйікті ісі болғандықтан, көліктен робот жасау қиындыққа соқпайды дейді.
«Роботтардың түрі көп қой. Диірмені бар, көлігі, краны, соның барлығын құрастыра береміз. Негізі болашақта автоинженер болғым келеді. Бұл салада машинаның әр түрлі заттарын басынан құрастыруға болады. Бір деталі жетпей жаста, басқа затпен ауыстыруға немесе өзгертуге болады», – деді Алматы технология және флористика колледжінің 2-курс студенті Ақжан НӘБИ.
Алты жыл бойы ұйымдастырылған фестивальге осы уақытқа дейін 20 000-нан астам бала қатысқан. Қазақстанда баламасы жоқ бірегей жоба жасөспірімдердің әлеуметтік мәртебесіне қарамастан шығармашылықта, спортта және білім беруде тең мүмкіндіктер береді.
«Биыл фестиваль үш ірі алаң бойынша жұмыс істейтін болады: білім, шығармашылық және спорттық. Білім алаңында болашақ мамандықтар туралы баяндайды. Кәсіптік бағдар беру бойынша тренинг, дәрістер және тренингтер өткізеді. «Шығармашылықта» сурет, кескіндеме, қағаз үлгілеу, сәндік-қолданбалы өнер және флористика бойынша мастер-класстар алаңы. «Спортта» спорттық ойындар мен эстафеталар өткізеді», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының жобалар бойынша үйлестірушісі Гүлнар ЕРШІМАНОВА.
Бұл фестивальға қатысушылардың барлығы да жеңімпаз. Олар өз тағдырын жеңіп, тағдырдың жазғанына мойымай, қатарынан қалмай өсіп келеді. Болашаққа құрған өз жоспарлары тіпті бөлек әңгімеге тартады.
Дана Насырқызы, Валерий Таубалдиев, "Алматы" арнасы