|
03.03.2021 | 15:57
2351

Шлагбаумнан шаршадық: Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары бизнес орталықтың әрекетіне шағымданды

Күн сайын 40-50 бала осы жерден өтеді

Шлагбаумнан шаршадық: Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары бизнес орталықтың әрекетіне шағымданды Almaty.tv

Шлагбаумнан шаршадық. Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары психологиялық-медициналық, педагогикалық көмек көрсететін мекеме алдына шлагбаум орнатып тастаған бизнес орталықтың әрекетіне шағымданды. Олардың сөзінше, арнайы медициналық мекемеге жету үшін кедергінің кесірінен қақаған қыстың аязында, жауын-шашында балаларын бірнеше метр жерге көтеріп апаруға мәжбүр. Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай тарқатсын.

Елорда тұрғыны Дина Қосдаулетова неврологиялық ауруға шалдыққан ұлын күн сайын психологиялық-медициналық, педагогикалық көмек көрсететін мекемеге әкеледі. Мектептің жанында орналасқан бизнес орталық жолға шлагбаум орнатып тастап, енді арлы-берлі өтуі қиындаған.

«Маған шлагбаумды бір күні ашады, бір күні мүлде ашпайды. Мысалы, кеше домофонды қанша бассам да ашылмады. Сосын арбадағы баламды қараусыз тастап, шлагбаумды ашыңызшы деп, осы бизнес орталықтың әкімшісін іздеп жүрдім. Мәселен, 2 күн бұрын мен келгенде шлагбаум ашылды, сосын мен кіре бергенде дереу қайта жабылып қалды. Қайта мағанда, машинаға да тимей қалды», – деді қала тұрғыны Дина Қосдаулетова.

№77 мектептің ішінде орналасқан № 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес меңгерушісі Мариям Құрмашеваның айтуынша, мекемеге келетін балалардың ішінде мүгедек, сал ауруына шалдыққан балалар бар. Күн сайын 40-50 бала осы жерден өтеді екен.

«Таксимен келген ата-аналарға өте қиын. Баласы үлкен жасқа келсе де, көтеріп әкеледі. Сосын жаңбыр жауған кезде, боран соққан кезде, енді бір-екі метр емес, өзіңізде көріп тұрсыз, бірнеше метр бар», – деді № 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация меңгерушісі Мариям Құрмашева.

Ал, бизнес орталықтың заңгері Ербол Ербергенов барлығын заңды түрде жасағанын айтады. Онымен қоса, шлагбаум тек жұмыс уақытында ғана істейді дейді. Демалыс күндері ашық болады деп отыр. Арызданған тұрғындарға алдын-ала келіп тіркеліп немесе қағаз жүзінде сұрау тастаса, міндетті түрде еш кедергісіз өткіземіз деп сендіреді.

«Бұл – бизнес орталық жекеменшік жер. Осы шлагбаум қойылмай тұрғанда, тек тұрғындар ғана емес, біздің қызметкерлер де машинасын қоятын орын таппайтын. Сонымен қатар шлагбаумды қоятын кезде, біз барлық жауапты мамандардың рұқсатын алдық. Тіпті, әкімдіктің де келісімін алдық», – деді бизнес орталықтың заңгері Ербол Ербергенов.

Бүгінде елордада тұрғын үйлердің алдында мұндай шлагбаумдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Әкімдік бұл мәселе бойынша төтенше жағдайдалар департаменті айналысады деп сілтеген соң, сұрадық. Айтты. Сөйтсек, шлагбаум орнату үшін қандай да бір мемлекеттік органнан рұқсат қажет емес екен. Тек қана аталған шлагбам өрт қауіпсіздік ережелері талаптарына сәйкес келсе болғаны.

«Талаптарға сәйкес болатын болса, аталған шлагбаум азаматтық қорғау тарапынан ешқандай заң бұзушылық жоқ. Жаңағыдай бетонды блоктарды қою арқылы шлагбаундарды құлыпқа жауып, шынжырмен байлап тастау сияқты темір қазықтарды қазу сияқты жолдарды бекіту – бұл өрт қауіпсіздік ережеріне қайшы келеді», – деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Отар Еркін.

Алайда маманның айтуынша, тұрғын үйлерде шлагбаум орнатылған жағдайда тәулік бойы кезекшілік ететін стационарлық пост болу қажет. Сондай-ақ кедергіні қолмен ашатын құрылғы орнатылуы шарт. Көбіне мәселе шлагбаум жұмысын реттейтін арнайы пульттың болмауынан туындайды екен.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир