Плюшкин синдромы: баспанасын қоқысқа толтырған тұрғынға көршілері наразылық білдірді

23.04.2024 21:51

Тәртіп сақшылары, құзыретті орган өкілдері жиналды

Almaty.tv

Алматыда баспанасын қоқыс басқан адамға көршілері шағымданды. Олардың айтуынша, жалғыз өмір сүретін кісі пәтеріне тоқтаусыз азық-түлік жинай беріп, салдарынан мерзімі өткен тағам мен қалдық иісі бүтін тұрғын үйді жайлаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кейде тіпті өлекседей сасиды деседі. Жұрттың сөзіне сенсек, жайсыздық туғызған азаматта плюшкин синдромы болуы мүмкін.

Көршілер «тазалаймын дегенмен, кеше ғана жиналған үйінді емес» дейді. Олардың сөзінше, пәтерін азық-түліктен бөлек, басқа да затқа аузы-мұрнынан шығарып жинаған. Соның салдарынан иіс шығып, үйдің 1-қабатынан бастап пәтерлерде тарақан да қаптаған көрінеді.

– Үйге кіргенде өлексенің иісі шықты. Пәтердің жанынан өткенде қатты сезілді. Бірден полиция мен төтенше жағдайға хабар бердім. Ішінде мәйіт жатқан шығар деп шошыдым. Есікті қақсақ ашпады. Қызметкердің бірі терезе жақтан өрмелегенде ғана ол кісі бері шықты. Іші толған қоқыс, – деді қала тұрғыны Байсангур Бибуев.

Бейнежазба да тәртіп сақшылары келген сәтте ғана таспаланған. Басқа кезде есік тас жабық, әлгі кісі жолатпайтын көрінеді. Қоқыс басқан пәтердің дәл іргесінде тұрып жатқан көршісі де растап отыр.

– Үн-түнсіз тұрады. Еш дыбыс шықпайды. Телевизордың да даусы жоқ. Үйде ешкім жоқ секілді. Ешкім тұрмайды деп ойлағанмын. Бір шара қабылдау керек. Тарақан қаптап кетті, – деді қала тұрғыны Назгүл Бәкірова.

Темір есік жолы да ашылмады. Ар жағынан дыбыс түгілі, сыбыр да естілмейді. Көршілер ер адамның пәтерінде отырғанын айтқан соң, полицейлер есікті қақты.

Айта кетсек, олар мұның алдында «мәйіттің иісі шықты» деген хабарға келгенде есікті аштырған.  

– «Мәйіттің иісі бар» деген ақпарат түсті. Ол шақыру бойынша Әуезов аудандық Полиция басқармасының учаскелік инспекторы келді. Ақпарат расталмады. Алайда үй іші қоқыс болғандықтан, көршілерді алаңдатады. Сол себепті көршілер қайтадан шақырып, бұл мәселені шешуді сұрап жатыр, – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Майлықбаев.

Бүгін тәртіп сақшыларынан бөлек, басқа да құзыретті орган өкілдері жиналған. Алайда топ болып келгендердің сыртта күтіп, тұрғындардың арызын тыңдаудан басқа шарасы болмады. Баспанасының тазалығын бақылай алмаған кісі мәселені жүрегінің әлсіздігімен байланыстыратын секілді. Бейнежазбада бұл жайлы өзі де айтқан. Ал психологтар «кез келген қажетсіз дүниені айналасына жинау - плюшкин синдромының айқын белгісі» дейді.

– Артық қоқысты жинау, яғни, олар үшін қауіпсіздік. «Сырттан, қоғамнан қауіпсіз болуым керек. Егер бұл зат болмаса, өзімді жоғалтамын» деген ішкі наным-сенімі бар, – деді психолог Бақытгүл Манасова.

Мұндай қылық кез келген адамда пайда болуы мүмкін. Психикалық аурудың бұл түрі көбіне жалғыздық пен күйзелістен, жақынын жоғалтудан пайда болатын көрінеді. Психологтың сөзінше, соңғы кезде мұндай мәселе тіпті 25-30 жастағы жастар арасында да жиі кездеседі.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: ШҚО-да келіні енесінің атынан несие рәсімдеп алған