|
25.02.2019 | 19:21
1881

Көкпардан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қызу дайындыққа кірісті

Халықаралық көкпар ойындарының ережесіне өзгеріс енгізілді

Көкпардан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қызу дайындыққа кірісті

Халықаралық көкпар ойындарының ережесіне өзгеріс енгізілді. Федерация құрамындағы сегіз ел бұдан былай серкені қарапайым муляжға, ал қазандықты шеңбермен ауыстырады әрі ойын уақыты өзгереді. Шешім халықаралық талаптарға бейімделіп қабылданған. Айта кетейік, бұл өзгерістер 14 ақпанда Астанадағы жиында келісілген еді. Алайда, сол жолы отырысқа қатыспаған Қырғызстан тарабы жаңашылдықтарға қарсылық танытып отыр. Тіпті, қырғызстандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «әрбір шешімге келіскен елдерге 50 мың АҚШ доллары берілген» деген хабарлама таратқан. Қазіргі ахуал қалай? Қабылданған жаңа ереже тағы өзгере ме? Бұл жайында Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат ЖАҚСЫБАЙДАН сұрап білген едік.

– Рахат мырза, биыл ойынға өзгерістер еніпті. Неліктен мұндай шешім қабылданған?

– Ең алдымен, бұл ауыл арасындағы немесе қазақ пен қырғыздың арасындағы ойын емес. 14 ақпан күні халықаралық деңгейге шығуға үлкен қадам жасалды десек болады. Бұл жерде негізінен, үш мәселе оң шешімін тапты. Біріншісі, уақыт бойынша 20 минуттан екі тайм болмақ. Арада он минуттық үзілісі бар. Екіншіден, халықаралық көкпар ойындарының барлығы муляжбен өтуі тиіс деген қағидаға келдік. Үшіншісі, қауіпсіздік мақсатында тайқазанның орнына, қазандықтың орнына шеңберге ойнау ережесіне барлық елдердің басым бөлігі қолдап дауыс берді. Бұл шешімдердің барлығы Қазақстан үшін жаңалық емес. Бірақ халықаралық деңгейдегі осы сегіз ел қолдады. Яғни, 9-10 елге қатысы бар. Бұл ережелер тек қазақ пен қырғыз елдерінің ойынына ғана тән емес, әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндік береді.

– Ал неліктен Қырғызстан тарабы бұл өзгеріске қарсы шықты? «Әрбір қатысушыға 50 мың доллар бөлінеді» дегені қаншалықты шындық?

– Біріншіден, халықаралық «Көк бөрі» федерациясының жиыны өтетіні туралы ақпарат қаңтар айында белгілі болған. Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен конгресте бұл ұсынысты қырғыз тарабы «Келесі жиында Астанада өткізсек» деп арнайы ұсынған. Осы дауыс салу нәтижесінде хаттама бойынша ол шешім шығып, соның нәтижесінде, ақпан айында Астанада ұйымның кезекті жиыны өтті. Қырғызстан тарабы бұл шараның өтетінінен хабардар болды. Бірақ осы шараға Сауд Арабиясында өтетін фестивальге байланысты қатыспаймыз деген хаттарын жолдады. Бұл шешімге кворум жиналды, демократиялық принциптерге сәйкес көпшілік дауыс берілді. Кейде әр түрлі пікір болады. Бірақ кімнің ұсынысы басым бөлікпен дауыс жинайды, сол шешім болып саналады. Ал 50 мың АҚШ долларға байланысты ресми түрде мәлімдеймін: «Көк бөрі» федерациясының президенті Саматов мырза осындай мәлімдеме жасаған екен. Біз бұл ақпаратты толығымен жоққа шығарамыз. Ол азаматың бұл ақпаратты БАҚ құралдарында арнайы түрде ақпаратты терістеуін сұраймыз. Бұл жерде тек қана Қазақстанның ғана емес, осы ұйымға елдердің репутациясына үлкен сын болып тұр.

– Өткен жылы көкпардан ұлттық командамыздың басы дауға қалған еді. Қазіргі дайындығы қандай? Қандай ірі жарыстарға қатысуға дайын?

– Өткен жылы Көшпенділер ойынына бірде қатысамыз, бірде қатыспаймыз дегені рас. Бұл мәселе айналып келгенде, осы ереженің бірізділігіне байланысты болмады. Бұйырса, алдағы уақытта мұндай мәселелер болмауы тиіс. Себебі, халықаралық «Көкпар» қауымдастығы болсын, халықаралық «Көкбөрі» қауымдастығының қатысушылары болсын, осы жиында бір ортақ шешімге келдік деп ойлаймыз. Ал алдағы уақытта, қазан-қараша айларында Өзбекстанда дүниежүзілік чемпионат болады. Сондықтан осы ойында бақ сынға спортшыларымыз, ересектер құрамасы дайындалып жатыр. Бұйырса, өзіміздің ұлттық құрамамыз қатысып, өзінің нәтижесін, ойынын көрсетеді деп ойлаймыз.

– Жауабыңызға рақмет!

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир