5 жастағы бала туабітті дертке душар болған.
Аяққа нық тұруды арман ететін Ернар көптің көмегіне мұқтаж, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
5 жастағы бала туабітті дертке душар болған. Арнайы іздеп барған кейіпкеріміз бізді армандарын айтып қарсы алды. «Өрт сөндіруші боламын, ел-жұртқа көмек қолын созамын» дейді баланың өзі. Жанын қинаған жағдайын да өзі түсіндіріп, айтып берді.
Арба бар, бірақ бала отырмайды. Өзімен сөйлескен едік, намыстанатынын айтты. Ернардың ата-анасы да оның құлан-таза айығып, аяққа тұрып кететініне сенеді.
Ернар Тұрдыбек 7 айында дүниеге келген. Диагнозы – балалардағы церебралды паралич. Туабітті жабысқан дерт. Дәрігерлердің айтуынша, кейіпкердің ақыл-есінде еш кемдік жоқ. Оны әңгіме барысында өзіміз де байқадық.
«Көп сөйлестік дәрігерлермен, нәтиже бар дейді. Соған қуандық қатты. Нәтиже бар деген соң. Менің балам тұрады екен, жүреді екен, осы жаққа апарамын деп. Сондағы көмек сұрағаным сол», – деді Ернардың анасы Алқагүл Қонай.
5 жылдан бері Астана мен Көкшетау, Алматыда ем қабылдап, дауа іздедік деген анасы нәтижесі жоқ емес дейді. Бірақ құлан-таза айығады деуге әлі ерте. Жазылу үшін талай рет жан қинап, жаттығу жасау керек. Одан бөлек, білікті дәрігер, озық технология, қыруар қаржы да қажет.
«ДЦП – туабітті ауру. Бізде диспансерлік учетта тұрады. Аудандық денсаулық сақтау ұйымынан қажетті медициналық көмектің толық алады. Осы жерде есепте болғаннан кейін біз үнемі бақылаймыз», – деді Райымбек аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Төлебай Айнабеков.
Ернардың 2033 жылға дейін мүгедектік дәрежесі бар. Ана көңілі оған дейін аяққа тұрсақ деп үміттенеді. Баланың еміне барын сатып, жоғын тауып қаражат жиған отбасы мүшелері әлі де көптің көмегіне мұқтаж. Өйткені аурудың емі аудандық ауруханадан табылмайды.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы