Былтыр Қазақстанда 220 адам өндірісте көз жұмған

Былтыр Қазақстанда 220 адам өндірісте көз жұмған
2018 жылы республика кәсіпорындарында 1548 адам зардап шеккен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен жылы республика бойынша еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы салдарынан 220 адам өндірісте көз жұмған. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Өндірісте жарақат алушылар саны жылдан жылға төмендеп келе жатыр. Былтыр 1548 адам кәсіпорындарда жарақат алды. Өкінішке қарай, еңбек қауіпсіздігінің сақталмағанынан былтыр 220 адам көз жұмды. Бірақ, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 9 процентке төмен», – деді министр еңбек қатынастарын реттеу шаралары қаралған Үкімет отырысында.

Сапарбаевтың айтуынша, өндірістегі адам өлімі жағдайлары Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында өскен.

Министр қазір еңбек инспекциясы өндірісті жаңғырту, яғни жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау бағытында көптеген кәсіпорынмен жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Ендігі мақсат – еңбеккерлерге тиісті жұмыс жағдайын жасау. Осы шараларды жүзеге асыру үшін жол картасын әзірледік», – деді Сапарбаев.

Бұған қоса, ведомство басшысы жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасында еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне де тоқталды. Оның мәліметінше, қазір Қазақстан бойынша 40 мыңға жуық еңбек шартына қол қойылған.

«Кейбір кәсіпорындар мен мемкемелердің адамдарды келісімшартсыз жұмысқа алуы проблема туындатып отыр. Біздің мәлімет бойынша, қазір олардың саны 1 мыңға жуық. Біз енді олармен Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс істеуіміз керек», – деді министр.


Новости партнеров