Аудан әкімі Сайран Сайфеденов өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндай келіп, ең алдымен тұрғындарды толғандыратын инфрақұрылымдық мәселелерді шешу туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Таугүл-3» ықшамауданында инженерлік желілерді дамыту мақсатында 22 км су құбырлары және 22,7 км кәріз жүйелері тартылды.
Ауданды жарықтандыру үшін «Баян-ауыл», «Алтын бесік» ықшамаудандарында, Алтынсарин, Абай даңғылдарының, Өтеген батыр, Сейітжанов көшелерінің бойына, №8 ықшамауданға ұзындығы 15 км болатын 469 жарық көздері орнатылды. 1137 жарық нүктелері қойылатын Достық ықшамауданында жарықтандыру құрылысы аяқталу кезеңінде.
Ауданда барлығы 966 аула бар, бұларды жөндеу жұмыстары жүруде. 4 жылдың ішінде 336 аула (38%) жөнделді, оның ішінде 96 аула өткен жылы жаңарды. 150 ауланы жөндеу бойынша ЖСҚ әзірленді.
Әуезов ауданының ықшамаудандары «бір ықшамаудан – бір мектеп – бір бала бақша – жаяу жүргінші аймағы» қағидаты бойынша жобаланған. Қазіргі кезде ықшамаудандар ішіндегі жаяу жүргінші аймақтары қараусыз қалған, сондықтан №8 ықшам аудандағыдай №10 ықшамауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан тұрғындарының скверлер мен парктердің жетіспейтіні туралы өтініштеріне түсінік бере келіп, Алматы әкімі бұл мәселені «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы шешуге болатынын айтты.
«Әуезов ауданының тұрғындары осы жоба бойынша бөлінген 500 млн теңгенің жартысынан азына ғана іске асатын идеяларды ұсынды. Өздеріңіздің тілектеріңізді ескере отырып, қоғамдық кеңістікті абаттандыру және жасылдандыру жөніндегі шешімдерді жүзеге асыруға, бос уақытты денсаулыққа пайдалы өткізуге болатын еді», — деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Айтар болсақ, өткен жылы ауданда Алтын Бесік ықшамауданында, Райымбек, Сайын, Абай даңғылдарының, Алтынсарин, Шаляпин, Төле би, Момышұлы, Яссауи көшелерінің бойына 4 мыңнан астам әртүрлі ағаштар отырғызылды.