Үй салу үшін әр баспанаға 10 соттық жер бөлінген
Павлодар облысы Жалаулы ауылында су тасқынынан зардап шеккен 5 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңадан салынып жатқан баспаналар шілдеде пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Су тасқынынан зардап шеккендерге арнап үй салу үшін әр баспанаға 10 сотық жер бөлінген. Қазірдің өзі тұрғын-жайлардың төбесі биік, керегесі кең. Әрқайсысы - 78 шаршы метр. Үйдің іші жылы болуы үшін қабырғалары арнайы материалдармен қапталып, азаматтардың жайлы жерге орналасуына жағдай жасалып жатыр.
– Құрылыс жұмыстары 20 күн ерте жүріп жатыр. Шілдеде аяқтаймыз деп ойлағанбыз. Маусымның аяғында аяқталуы мүмкін, – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Апаттық деп танылған баспанасын тұрғындарға бұзуға рұқсат берілген. Сондай-ақ олар керекті материалдарын алып кете алады. Бірақ жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Қазір апатты үйлердің орнында құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салынған. Өйткені өңірдегі Ертіс өзенінің жағасына жақын орналасқан аумақтарды су басу қаупі бар. Ал үйі қарғын судан құрып кетсе де, «жаңа баспанам бой көтереді» деп қуанған тұрғындар құрылыс барысымен таныс.
– Судан зардап шектік. Жолдасымның үйінде тұрып жатырмыз. Құрылыс жұмысын қадағалап отырамыз, – деді Жалаулы ауылының тұрғыны Мархабат Сматаев.
Мердігер компания «салынып жатқан үйлердің сапасы жоғары» деп нық сенім білдіріп отыр. Ал ауылды су басу қаупін сейілтіп, мәселені түбірімен шешу үшін тағы бір құрылыс бой көтерген. Ол - Жалаулы ауылында салынып жатқан қазаншұңқыр. Жұмыс толық аяқталса, аталған нысан 200 мың текше метр суды жинай алады.
Әйгерім Тоқпанқызы, Владимир Жуков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қызылордада тұрғын үйге жасалған жөндеу жұмысы неге аяқсыз қалған