Қызылордада тұрғын үйге жасалған жөндеу жұмысы неге аяқсыз қалған

Almaty.tv
Almaty.tv
Бесінші қабаттағы бірнеше пәтердің төбесінен су ағып тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылордада көпқабатты үйдің тұрғындары жаңбырда жанын шүберекке түйіп отыр. Ақмешіт шағынауданындағы №18 көпқабатты тұрғын үйге жасалған жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – көппен бірге көктемгі жауған жаңбырға қуана алмайтын көпқабатты үйдің тұрғындары. Төбесі сөгілген тұрғын үйінен су сорғалаған жұртшылыққа жаңбырлы маусым жақпай отыр. 104 пәтерлік баспанада былтыр жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ мердігер мекеме істі созбалаңға салып, ақыры аяқсыз қалыпты. Бесінші қабаттағы бірнеше пәтердің төбесінен су ағып тұр. Қабырғалары сыз тартып, төмендегі тұрғындардың да тынышын қашырған.  

– Бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін су ағып тұр. Суағар қойылмаған. Смета бойынша ешқандай жұмыс атқарылмаған. Жұмыс аяғына дейін аяқталмаған. Біз медігер компанияны таппай жатырмыз. Біз құзырлы органдарға, прокуратураға, арық жаздық, ешқандай жауап жоқ, – деді қала тұрғыны Айгерім Байсейітова.

Бұл үй осыдан 40 жыл бұрын салынған. Сондықтан қоныстанушылар қымбат болса да, жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді жөн көрген. Бірақ тұрғындар «тірлігі тиянақсыз мердігер баспананы бүтіндеп береміз деп бүлдіріп кетті» деп налиды.

– Хабарластық, телефонға біріншіден жауап бермейді. Одан соң желіге шықсақ, түрлі сылтау айтып, қашады. Үйіне барсақ, биік қоршаумен қоршалған, мүлде жолатпайды. Жауапкершіліктен қашып отыр, – деді қала тұрғыны Салтанат Көбенқызы.

Тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары «Қызылорда тазалығы» мекемесі арқылы рәсімделген. Тапсырыс беруші тарап тірлік толыққанды аяқталмай қабылдау актісіне қол қоймайтынын ашық айтты.

– Мердігер мекемеге тапсырыс беруші «Қызылорда тазалығы» тарапынан ескерту берілді және де қосымша қатынас хат жіберіліп жатыр. Яғни, кешіктірілуіне байланысты өсімпұлы жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме жұмысын аяқтап, қабылдау актісін тапсырған жоқ, – деді «Қызылорда тазалығы» КММ бас маманы Мұхтар Әбдірахманов.

Ал мердігер мекеменің басшысы белгілі бір себептерге байланысты шетелде болғанын айтты. Бірақ ел аманатына қиянат жасамай, бастаған істі бірер аптада аяқтауға уәде берді.

– Отбасылық жағдаймен Қазақстанда болған жоқпын. Осы 1-2 күн болды, елге оралдым. Тұрғын үйдің жетекшісімен бәрін аралап көрдік. Кемшіліктерді 10-15 күнде жөндейміз, – деді мердігер компанияның директоры Ерлан Әбиев.

Мердігер мекеме басшысы «жоспарлы жұмысты аяқсыз қалдырмаймын» деп сендірді.

Асқар Сәрсенұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Павлодарда есірткі өндіретін жасырын орын анықталды

Новости партнеров