16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні

16.12.2025 11:02

Бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің қалпына келтірілгеніне 34 жыл толды

Almaty.tv

Бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің қалпына келтірілгеніне 34 жыл толды. Бұл – тарихи кезең Қазақ хандыының дербес мемлекет болған дәуірінен бастап, XX ғасырдағы тәуелсіздікке талпыныстар арқылы жалғасқан ұзақ тарихи жолдың заңды жалғасы, деп хабарлайды 

Саяси тәуелсіздік

Бірден айту керек, қазіргі халықаралық жүйеде абсолютті саяси тәуелсіз мемлекет жоқ. Тіпті Еуропалық Одақ пен НАТО-ға мүше елдер де өз еркімен қабылдаған міндеттемелер арқылы саяси маневрінің бір бөлігін шектейді. Басқаша айтсақ, саяси тәуелсіздік деген ұғым оның бар-жоғымен емес, маневр ауқымының кеңдігімен өлшенеді. Мемлекет қаншалықты қуатты, демократиялық құндылықтарға басымдық берген болса, оның саяси маневр жасау мүмкіндігі де соншалықты кең болады. Саяси маневрдің кеңдігіне елдің картадағы орны да әсер етеді. Экономиканың әртараптылығы мен қауіпсіздік сәулеті де саяси тәуелсіздікке ықпал етеді.

Осы өлшемдермен алғанда Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымының мүшесі екені, өз Конституциясы мен сайланған Президентінің, Парламентінің болуы, Үкіметті өз бетімен жасақтайтыны саяси тәуелсіздікті айқындайтын канондық факторлар болып есептеледі.

Қазақстанның сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатыны – ресми факт. Бұл оның сыртқы геосаяси теңгерімге тәуелді ел екенін де көрсетеді. Бірақ бұл – әлсіздік емес, география мен тарихи тұрғыда қалыптасқан аймақтық құрылымның салдары. Украина мәселесі Қазақстанның көпвекторлы саясатының маневрге қаншалықты икемді екенін көрсетті. Қазақстан мен Ресей шекарасының жалпы ұзындығы 7 500 шақырымнан асады. Батыс елдері Мәскеуге қарсы санкция жариялағанда Астананың оларға толық қосылмай, өз жолын таңдауы бірінші кезекте осы фактормен байланысты. Дегенмен Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтетін хабқа айналмаймыз деп ресми мәлімдеді. Санкция авторлары, Ресей де Қазақстанның ұстанымына осы призмамен қарап отыр. Сондай-ақ, Қазақстан Донбасс пен Луганскіні тәуелсіз деп ресми түрде мойындамады. Бірақ оларды квазимемлекеттік субъект ретінде қарастырып, Ресеймен дипломатиялық қатынасты бұзбау саясатын ұстанды

Құқықтық тәуелсіздік 

Қазақстан аумағында Конституция – ең жоғары тұрған заң құжаты. Бүкіл заңдар ең әуелі Конституцияның нормаларына қайшы келмеу керек. Халықаралық шарттардың күші ел аумағында танылу үшін Парламент ратификациялауы керек. Бұл елдің құқықтық тәуелсіздігі құжат жүзінде қамтамасыз етілгенін аңғартады.

Дегенмен құқықтық тәуелсіздік кейде халықаралық міндеттемелер арқылы шектеледі. Мысалы, 2015 жылы ЕАЭО-ға мүше болғаннан кейін, Астананың кейбір экономикалық және кедендік шешімдерді өз бетінше қабылдау мүмкіндігі шектелді. Шетелдік инвестицияларды қорғау жөніндегі халықаралық келісімдер Қазақстанға кейбір заңнамалық түзетулер енгізуге мәжбүр етті. Мысалы, 2016–2018 жылдары кейбір энергетикалық жобаларда шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін ұлттық заңнамадағы түзетулер енгізілді.

Сайып келгенде, Қазақстан BIT (Екіжақты инвестициялық келісімдер), WTO (Дүниежүзілік сауда ұйымы) талаптарымен, ICSID (Халықаралық инвестициялық даулар орталығы) шешімдері және IFRS (Халықаралық қаржылық есеп стандарттары), Basel (Базель банктік стандарттары), ISO (Халықаралық стандарттау ұйымы) сияқты халықаралық стандарттармен санасады.

Экономикалық тәуелсіздік

Қазақстанның экономикасы сыртқы нарықтар мен шикізат экспортына айтарлықтай тәуелді. Статистикаға сүйенсек, ел экспортындағы мұнай және мұнай өнімдерінің үлесі шамамен 52-54% болып отыр. Экспорттан келетін кірістің жартысынан астамын көмірсутек шикізаты қамтамасыз етіп отыр деген сөз. Мыс, уран, темір тәрізді металдар да негізгі экспорттық тауар болып есептеледі.

Осы негізгі экспорт тауарларын тұтынатын нарықтардың саны шектеулі – Италия (18-23%), Қытай (18-19%) және Ресей (10-12%) сияқты елдер бар. Алыс-берістің тар шеңберде шоғырлануы экономиканы шикізат бағасы мен сыртқы сұранысқа тіптен сезімтал етеді.

Қаржылық тәуелсіздік

Қазақстанның ұлттық валютасы бар. Ақша-несие саясатын жүргізіп, макроэкономикалық тенденциялардың ел өміріне ықпалын реттеп отыратын Ұлттық банк жұмыс істейді. Бюджетін Үкімет әзірлеп, Парламент мақұлдайды. Бұл тұрғыдан алғанда формалды түрде бюджет дербестігі бар. Ұлттық қор әлі де даму драйвері емес, тұрақтандыру құралы ретінде қызмет етіп келеді.

Әскери тәуелсіздік

Қазақстанның өз Қарулы Күштері бар, Әскери доктринасын қабылдаған. Дегенмен елдің әскери тәуелсіздігі толық деуге келмейді. 2025 жылы Қазақстан Global Firepower рейтингіне енген 145 елдің ішінде 57 орында болды. Бірақ салаға бөлінетін шығын жалпы ішкі өнімнің 0,5%-ымен шамалас. Бұл өте көп емес. Мысалы, АҚШ та бұл көрсеткіш шамамен 3,5%, Ресейде 4% (2021–2022 ж.ж.), Қытайда орта есеппен 1,6%.

1992 жылға дейін Қазақстан КСРО құрамында болғандықтан Қарулы күштерінің техникалық базасын әлі де өзі жасақтап отырған жоқ. Ресей, Қытай, Израиль мен Түркиядан алады.

Аумақтық тәуелсіздік

Қазақстанның шекарасы халықаралық деңгейде мойындалған. Территориялық даулар жоқ. Қазақстан егемендігінің ең мықты тірегі осы деуге де болады.

Қазақстанның Ресеймен арадағы шекарасы 7 591 шақырымға созылып жатыр және әлемдегі ең ұзын шекара болып есептеледі. Осы шекараның делимитациясы (келісімшарт негізінде бекіту) 2005 жылы толық аяқталған. Ал демаркация (қазық қағып, шеп тарту) әлі де кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Соған қарамастан, екі арада ешбір аумақтық дау жоқ, шекара халықаралық шарттар арқылы толық мойындалған.

Қытаймен арадағы шекара 1 784 шақырымға созылған. 2002-2005 жылдары делимитация да, демаркация да толық аяқталған. Бұрынғы даулы учаскелер бойынша түпкілікті келісімге қол қойылған.

Қырғызстанмен шекараның ұзындығы – 1 212 шақырым. Делимитация аяқталған, демаркация негізінен біткен. Кішігірім техникалық учаскелер ғана қалған. Бұл тұрғыда саяси немесе аумақтық дау жоқ.

Өзбекстанмен арадағы 2 330 шақырымдық шекара 2017 жылдан кейін толық бекітіліп, демаркация іс жүзінде аяқталған. Бұрынғы анклав мәселелері де реттелген.

Түрікменстанмен арадағы құрлық шекарасы 426 шақырымға созылып жатыр және толық келісіммен бекітілген. Каспий теңізі арқылы шектесетін Ресей, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан елдерінің арасындағы судағы шекара толық делимитацияланды деп айтуға әлі ерте. 2018 жылы Ақтау қаласында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция мемлекеттер арасындағы құқықтық негізді бекітіп, экономикалық аймақтар мен су пайдалану ережелерін айқындады. Бірақ теңіз түбіндегі нақты шекараның делимитациясы әлі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Учаскелер әлі де толықтай бөлінген жоқ.

Ақпараттық-цифрлық тәуелсіздік

Елде күнделікті қолданылатын Google (іздеу, YouTube, Android), Meta (Facebook, Instagram, WhatsApp), Microsoft (Windows, Office), Apple (iOS, iCloud), Telegram сияқты негізгі цифрлық платформалардың бәрі Қазақстан юрисдикциясынан тыс компанияларға тиесілі. Ұлттық деректер орталықтары болғанмен, шетелдік платформаларда жиналатын пайдаланушы деректерінің басым бөлігі шетелдегі серверлерде өңделеді. Қазақстан олардың алгоритмдері мен деректерді пайдалану саясатына ықпал ете алмайды. Мемлекет тәуекелдерді жою үшін «Цифрлық Қазақстан», деректерді локализациялау және киберқауіпсіздік тұжырымдамаларын қабылдады. Биыл орнатылған «Alem.Cloud» суперкомпьютері елді толықтай ақпараттық-цифрлық тәуелсіз етпесе де, тәуекелдерді бір бағытта бәсеңдетті.

Мәдени-гуманитарлық тәуелсіздік

Қазақстанның мәдени-гуманитарлық тәуелсіздігі Конституциямен бекітілген. Ата заңның 7-бабының 1-тармағы бойынша, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал сол баптың 2-тармағында мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетілген. Құжат жүзінде тіл саясаты егемен мемлекеттің ішкі құзыреті ретінде Конституция деңгейінде нақты айқындалған.

Дереккөз:  ҚазАқпарат

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады