Кәсіпкерлік нысандар індеттің өршуіне қарамастан карантиндік тәртіпті өрескел бұзып, санитарлық талаптарды әлі сақтамай отыр
Алматының Әуезов аудандық мониторинг топтары жыл басынан бері 5 мыңнан астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 432 заңды тұлғаға хаттама толтырған. Алайда кейбір кәсіпкерлік нысандар індеттің өршуіне қарамастан карантиндік тәртіпті өрескел бұзып, санитарлық талаптарды әлі сақтамай отыр. Соған байланысты тексеруші мамандар компьютер клубтарға рейд жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуезов ауданының мониторингтік тобы өткен түні тексеріске шығып, Алтынсарин даңғылының бойында орналасқан компьютер клубтың үстінен түсті. Ойынхана сағат 10.00-ден асқанына қарамастан жасырын жұмыс істеп, санитарлық талаптарды бұзған. Кейін тәртіп сақшылары келушілердің құжаттарын тексеріп, үйлеріне қайтарса, маска тақпаған 2 азаматты полицияға алып кетті.
«Әуезов ауданында 6 мониторингтік топ жұмыс істейді. Оның 3-уі күндіз шықса, қалған 3 топ түнде шығады. Қаланың «қызыл» аймақта болуына байланысты тұрғындардан өтінерім денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Әуезов аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айдын Айбынов.
Көп ұзамай тексеруші мамандар плайстайшн клубын анықтап, жұмысын әшкереледі. Мекеменің келушілерді көп қабылдағаны соншалық арақашықтық мүлде сақталмаған. Тіпті қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да бар.
«Ауданда тексеріс жұмыстары күшейтіліп жатыр. Егер карантин тәртібі бұзылса заң шеңберінде хаттама толтырылады. Сондықтан кәсіпкерлерге айтарым бас санитардың қаулысына құлақ асып, рұқсат етілген уақытқа дейін жұмыс істеңіздер», – деді Әуезов аудандық Кәсіпкерлер палатасының өкілі Мәрлен Тұрысбек.
Статистикаға сүйенетін болсақ Әуезов ауданының мониторингтік топтары соңғы аптада 150-ге жуық мекемеде тексеріс жүргізіп, 20 заңды тұлғаға хаттама толтырған.
Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы