Ақтөбе облысында жолдарды дұрыс салмаған, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы беру жұмыстарын дұрыс ұйымдастырмаған әкімдік шенеуніктерінің бірі қызметінен босатылса, бірі ескерту алды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, бүгін Ақтөбе облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев қызметінен кетті. Құрылыс саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов пен қала әкімінің орынбасары Ыбрайым Көзбаев та жұмыс орындарын босатады.
Атап өтілгендей, олар жолдарды жөндеу және абаттандыру жұмыстарының сапалы орындалуына тиісті бақылау жүргізбегені үшін қызметтерінен айырылды.
«Қала әкімі Ілияс Испанов Ыбрайым Көзбаевқа жобаларды тапсыруға екі апта берілгендігін атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің әлеуметтік салаға жетекішілік ететін орынбасары Марат Тоғжановқа, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының башысы Қайрат Отаровқа құжаттарды қабылдау, өңдеу және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау жұмыстарын тиісті дәрежеде ұйымдастармағаны үшін ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», - делінген облыс әкімінің баспасөз баянында.
Шенеуніктерді жұмыстан шығаруға Facebook пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі тұрғындардың арыз-шағымы да түрткі болған. Әкімдікте өткен отырыс барысында облыстық спорт, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау және білім басқармаларының жұмыстарына да сын айтылды. Ал Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов өз еркімен жұмыстан кеткен.
«Облыс әкімдігіндегі жұмысыма үш ай болды. Осы уақытқа дейін тәртіптік жаза шараларын қолданғым келмеді. Ауызша ғана ескертіп келдім. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың кейбір басшылары ескертуге атүсті қарап, алдын алуға тырыспады. Халық үшін жұмыс істемегендер, мемлекеттік органдарға жүктелген міндеттерді дұрыс атқармағандар жазаланатын болады, тіпті жұмыстан босатылады»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жиын барысында өңір басшысы студенттер жатақханасын салу үшін инвесторларды белсенді түрде іздеу, абаттандыру жұмыстарын күшейту, көшелерді жарықтандыру, Ақтөбе қаласының көшелері мен аулаларын санитарлық тазалау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
«Барлық мемлкекеттік органдардың басшыларына ескертерім: егер кімде-кім менің атымнан белгіленген заң мен ережелерге қайшы келетін қызметтерді көрсетуге келетін болса, ең алдымен бұл туралы маған хабарлаңыз. Менің атымнан келгендер кім болса да өзіме хабарлаңыз. Осындай өтінішті орындағандар сол үшін жауап беретін болады», - деді әкім.