Қазақстанның автоХҚКО-лары қалыпты қызмет көрсетіп жатыр

09.07.2019 21:00

фото из открытых источников

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің барлық облысындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметтер мемлекеттік стандартта көрсетілген талаптарға сай, қалыпты тәртіпте көрсетіліп жатыр. Бұл туралы Мұрат Жұманбай Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Тengrinews.kz.

«Бүгінде қызмет алушылардың көптігі Алматы қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-ларда ғана байқалуда. Бұл Алматы қаласында көліктерді алып-сататындардың көптігі мен жақын жатқан аймақ тұрғындарының автокөліктерін сонда қайта рәсімдеп, жүргізуші куәлігін ауыстыруға баратынымен байланысты. ҚР ІІМ 1 шілдеден бастап мәліметтердің алмасуын қамтамасыз ететін жаңа веб-модулді іске қосуына байланысты, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде ақау шығып, салдарынан барлық мамандандырылған ХҚКО-ға келушілердің өтініштері дер кезінде қаралмай, үлкен кезек туындаған болатын», - деп жазды Мұрат Жұманбай.

«Бұл ретте мемлекеттік корпорация өз тарапынан халық наразылығын басып, кезекті тарату үшін қосымша қызметкерлерді тартып, «соңғы клиентке» дейін жұмыс істеді. Халық ыңғайлығы үшін egov.kz порталы арқылы қызметті онлайн алуға көмектесетін кеңесші мамандар жұмылдырылды», - деп толықтырды ол.  

Айта кетейік, көліктерді қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алу қызметтері бойынша мамандандырылған ХҚКО-ларда шілденің 1-8 аралығында 40 мыңға жуық қызмет көрсетілді, оның 9 мыңнан астамы тек Алматы қаласына тиесілі.