Вице-министр Эльмира Суханбердиева кінәсін мойындады

10.07.2019 00:14

Ол 6 миллион 312 мың теңге айыппұл төлеп құтылуы мүмкін

Бүгін Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот процесі басталды. Есіл аудандық №2 сотының судьясы фото және бейнетүсірілімді жасауға тыйым салды. Алайда сот залында журналистерді қалдырып, аудиожазба жүргізуге рұқсатын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Прокуратура өкілі Эльмира Суханбердиеваға айыппұл мен мүлігін тәркілеу жазасын тағайындауды ұсынды. Айыппұл мөлшері 6 миллион 312 мың теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, «Центральная» экономикалық мектеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының кабинетінен биылғы жылдың маусымында тінту барысында табылған 11 жарым миллион теңге көлеміндегі қаржыны да тәркілеу ұсынылды. Сондай-ақ, оны өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетуді сұрады прокурор.

Сот барысында Эльмира Суханбердиева өз кінәсін толықтай мойындады. Ал оның қорғаушысы Айгүл Әмренова айыппұл мөлшерін азайтуды сұрады. Бұған өзінің қорғалып жатқан өкілімен ведомстволық бағынышты ұйымға залал келтірілсе де, ешқандай қаржылай пайда көздемегенін алға тартты.

«Таза адами тұрғыдан қарасақ, игі іс жасағысы келді ғой. Бұл шынымен де әлеуметтік аз қамтылған, жағдайы тым мүшкіл отбасылардың балалары болды. Бизнеске аса залал келтірілмеді. Десе де заң бұзылды. Мұны мойындаймыз», – деді қорғаушы Айгүл ӘМРЕНОВА.

Айта кетейік, Эльмира Суханбердиева жемқорлық жасады деген  күдікпен ұсталып 2 айға қамауға алынған болатын. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы оған қатысты қылмыстық іс қозғады.

Теги: прокурор