Оқу-жаттығуға ТЖД жеке құрамынан 124 адам мен 21 техника жұмылдырылды
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті теміржол көлігімен улы заттарды тасымалдау кезінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алды. Бұл мақсатта құтқарушылар теміржол қызметкерлерімен бірлесе тактикалық оқу-жаттығу шарасын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоспар бойынша, теміржолшы цистернаның астыңғы бөлігінен тамып тұрған ақшыл сары түсті сұйықтықты көріп, оны не екенін анықтау барысында химиялық затқа уланып, ес-түссіз құлап қалады. Машинист болған жағдайды көріп, станса кезекшісіне хабарлайды. Алдымен оқиға орнына әскери теміржол күзеті қызметкерлері жетеді. Олар желілік полиция бөлімімен бірге қауіпті аумақты қоршап, зардап шеккендерді оқиға орнынан алып кетеді. Одан кейін арнайы костюм киген төтеншеліктер келіп, апатты жоюға кіріседі.
– Бүгін ТЖМ Сырым Шәріпхановтің пәрменімен оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастырдық. Алматы-1 стансасында ойдағыдай өтті деп айтуға болады. Оқу-жаттығудың басында жеке құрамға, техника мен жабдыққа тексеріс жасалып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілді, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асан Әйтеев.
Айта кетейік, оқу-жаттығуға қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 124 адам мен 21 техника жұмылдырылды. Төтеншеліктерге тыныс алу органдарын қорғау құралдарын және улы аумақта жұмыс істеуге арналған арнайы киім берілген.
– Стансада төтенше жағдай болған жағдайда, әрдайым тез әрі жылдам көмек көрсетеміз. Оқу жаттығуы екінші рет өтіп жатыр, – деді Алматы-1 стансасы басшысының орынбасары Асхат Әбдіқұлов.
Оқи отырыңыз: Қыс-2023: Алматыда оқу-жаттығуы өтті