Бақытжан Сағынтаев өзінің Алматы әкімі қызметінен кетуіне қатысты Facebook-парақшасында пікір білдіре отырып, алматылықтарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым.
Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық.
Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық.
Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді.
Мектептерді жедел салу бағдарламасын қолға алдық. Тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болды.
Экологияны жақсарту үшін жүйелі екі шешім қабылданды: миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру.
Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Алматы мәңгі менің жүрегімде», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев.
Экс-әкім сөз соңында Алматы қаласына және оның барша тұрғынына бақытты ғұмыр тіледі.