Жарықсыз, сусыз қалған елордалықтар өркениеттен жырақта қалдық деп шағымданады

26.09.2020 02:56

Көшеде жарық бағаналары атымен жоқ

Almaty.tv

«Өзімізді аралда тұратындай сезінеміз». Жол мен ауызсу тапшылығы, жарықтың болмауы, қоғамдық көліктің қатынамауы сияқты тауқымет тартып келе жатқан нұр-сұлтандықтар осылай деп арнамызға шағымданды. Жергілікті билік органдарының табалдырығын тоздырып шаршаған жұртшылық проблемаларымызды еститін құлақ жоқ дейді. Құты қашқан Әл-Фараби көшесі тұрғындарының қордаланған мәселелерін Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тыңдап қайтты.

Бас қаладағы Әл-Фараби атындағы көшенің тұрғындары өркениеттен жырақта қалдық деп жанайқайын жеткізді. Бұл аумақта тұратындардың басым бөлігі қариялар. Суды колонкадан тасып ішеді. Ольга Никоненко 20 жылдан астам уақыт ауыз судың үйден ағып тұруын армандап келеміз деп мұңаяды. Көлік ағыны көп жолды кесіп үйінен алыста орналасқан су құбырынан тіршілік нәрін тасуға мәжбүр. Сорақысы, ауыз судың ақысы әр айда әртүрлі келеді екен.

«Өздерің тартып алыңдар дейді суды. Бір қызығы ауылдың өзінде үйлерінде су бар ғой. Біз елордада тұрсақ та, адам сияқты жуынып, төлейтін суымызға қол жеткізе алмай отырмыз. Зейнеткерлер құбыр тарту үшін қомақты қаражатты қайдан алсын?» – деді тұрғын Ольга Никоненко.

«Бізге коммуналдық шығындарды есептейтін бақылаушылар да келмейді. Өткен айда мысалы, жарық үшін 1000-1500 теңге артығымен жазған. Қалай есептейтінін түсінбейміз.  Сол үшін үнемі дау туады. Құдды бір, адам аяғы баспайтын аралда тұратын сияқтымыз. Мәселемізді ешкім елемейді», – деді тұрғын Екатерина Березенцова.

Аралда тұратындай сезінетін тұрғындардың айтуы бойынша жақында тұрғын үйдің бірін жалын шарпығанда өрт сөндірушілер мекенжайды таба алмаған. Сөйтсе, елордада тағы бір ауданда Әл-Фараби атындағы көше бар екен. Мұндағы халықтың сөзінше, тізе берсе мәселе шаш етектен. Соның бірі – көшеде жарық бағаналары атымен жоқ.

Тұрғындар аялдамаға, дүкенге, ал оқушылар мектепке бару үшін міне, осы қалың ағаштың арасымен өтуге тура келеді. Айтуынша, тіпті, бұл жерде адам мүрдесі де табылған. Әсіресе, қазіргі қас қайраған кезде қауіпіміз күшейді деп шағымданады.

Бұл жерді жарықтандыруды жақын күндері, ал ауыз су мәселесін келесі жылы шешеміз деп сендірді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Байжанов.

«Жарықты алдағы апталарда шешеміз. Қазір артық ағаштарды кесіп тастап жатырмыз. Жұмыстар аяқталған соң жобамыз бойынша екі аптаның ішінде жарық тартып береміз. Ал, ауызсу құбырларын тартуға келетін болсақ, күрделі проблема. Өйткені ол аумақта қалалық су жүйелері жүргізілмеген.  Сондықтан жақын маңдағы жеке су жабдықтаушы компаниямен келіссөздер жүргізіп, орталық су жүйелеріне қосу мәселесі шешіліп жатыр. Егер оңтайлы шешімін тапса, алдағы жылы сумен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын», – деді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары

Жасұлан Байжанов.

Аталған көше тұрғындарын мезі қылған тағы бір мәселе – ойқы-шойқы жолдар. Жедел-жәрдем, такси көліктері жете алмай қиналады екен. Ал, әкімдіктегілер бұл проблеманың түйіні келесі жылы тарқатылада дейді. Жол төсеу жұмыстары жоспарларында қарастырылған көрінеді.  Дәлірек айтсақ, 2021 жылы бюджетте бұл проблеманы шешу үшін қаражат бөлінбекші. Әкімдік қаншалықты уәдесінде тұратынын уақыт көрсетеді. Ал, әзірге тұрғындарға колонкадан су тасып, күзде балшық, қыста қар кешіп жүре тұруына тура келеді.