2022 жылы Рамазан айы 2 сәуірде басталады. Бұған дейін ҚМБД бекіткен діни күндер кестесіне сәйкес, ораза 3 сәуірде басталып, 31 күнге созылуы тиіс болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚМДБ баспасөз хатшысының хабарлауынша, басқарма Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, Рамазан айы 2 сәуірден басталады деген ортақ шешімге келген.
Соған сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күнге созылады. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.
"Наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын атап өтті", – деп жазды ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.
Сондай-ақ, биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.