Ақтауда картоп өнімдерін дайындаған нысанға айыппұл салынды

Фото видеодан алынды
Фото видеодан алынды
Тұрғындардың түсірген бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Ақтауда санитарлық талапты сақтамай, қауіпсіздікке салғырт қарап картоп өнімдерін дайындаған нысан анықталды. 23-шағынауданға қарайтын №101 үйдің тұрғындары маңайындағы кәсіпкерлік нысанға шағым айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кәсіпкер үлкен қазанның айналасын қаңылтырмен қоршаған, ал қуырылған картоптар жерде жатыр. Чипсы қуыратын майдың түсінен адам шошиды, мұнай секілді қап-қара. Ал қауіпті газ баллонның тұрысы мынау. Бәленің бетін аулақ қылсын, өрт болған жағдайда тілсіз жауды тоқтататын құрал саймандары да көрінбейді. Ол аздай қуырылған чипсы қоқыс маңайында да шашылып жатыр.

– Тамақтың бәрін сыртта тастап кетеді. Иесін шақырып ескерттік. Ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қоқыс маңында шалыған тамақты балалар барып, жеп қойып жатыр, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Хурлима Юсупова.

Төтеншеліктер қазан тұрған жерді барып тексеріп, айыппұл салған. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманының айтуынша, жер кәсіпкерлік нысан ретінде тіркелмеген.

– Әлеуметтік желіде жарияланған видеодағы жер кәсіпкерлік нысан болып есептелмейді. Сонымен қатар антисанитариялық талаптар сақталмайды. Осы талаптарды ескере отырып, ӘҚБК 425-бабы, 1-тармағымен әкімшілік хаттама жазылады, – деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Шырақбаев.

Тұрғындардың түсірген бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен. Олардың шағымынан соң, картоп қуырып жүргендер қазан көтерілген орынды, қоқыстың айналасын тазалап, қоршауды, газ баллонды алып кеткен.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қостанайда электр қуатының құны өседі





Новости партнеров