Алматыда биыл 500-ге жуық адам діни ағымның жетегінде кеткен

23.07.2019 21:02

Азаматтарға дұрыс бағыт беру үшін 200-ден астам діни білімі бар маман жұмыс істеуде

Алматыда жыл басынан бері 500 шақты адам диструктивті діни ағымның жетегіне еріп кетпек болған. Қуантарлығы, қаладағы кеңес беру және оңалту орталығының теологтары оларды дер кезінде райынан қайтарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсіресе, мамандар соңғы уақытта диструктивті діни ағым жас отбасылардың ойранын шығарып жатқанын айтады.

Аты-жөнін айтпай, бет жүзін жасыруды сұраған келіншектің есімін өзгертуге тура келді. 30-дан асқан Юлия осы жат ағымның кесірінен жолдасымен ажырасып кеткен.  Қос қыздың анасы күйеуінің жат ағымға бет бұрған соң күрт өзгергенін айтады. Келіншектің айтуынша, жолдасы жұмысқа жібермей, тіпті үйден аттап баспауды талап еткен. Кейін тіпті балаларды мектепке беруге қарсы болған. Оған қоса, мемлекеттік мерекелерді де тойламауды шығарыпты.

«Басыма қиын іс түсті. Қос қызымды жолдасым өзінің діни жолына үгіттегісі келді. Айтуынша, балаларға білім қажет емес. Бастысы тұрмысқа шығу керек дегенді ұстанады. Тіпті оларға өз ағайындары арасынан күйеу тауып беремін деді. Олар 8-9 жасынан хиджаб киіп, мектепке мүлде бармайды», – деді Юлия.

Қазір Юлия балаларды толық қамқорлығына алу үшін күйеуімен соттасып жатыр. Өйткені, жат ағымға бет бұрған жолдасы қыздарына кері әсер ете ме деп қорқады. Жақында басынан қиын жағдайды өткерген келіншек қаладағы кеңес беру және оңалту орталығына барған. Онда оған мамандар заң тұрғысында көмек көрсетіпті.

Айта кетейік, орталықта 2 әйел, 7 ер теолог маман жұмыс істейді. Келушілерді аптаның төрт күнінде тұрақты түрде 3 теолог қабылдайды. Ал қалғандары түзету мекемелеріне бекітілген екен. Орталық Масанчи мен Әйтеке би көшесі бойында орналасқан.

«Біздің мамандарымыз диструктивті діни ағымның ықпалына түскен адамдарға көмек береді. Жалпы диструктивті діни ағымнан қалай сақтануға болады, оған түспеу үшін не істеу керек, теріс ағымның белгілері қандай, мамандарымыз осы тұста профилактикалық оңалту жұмыстарын жүргізеді», – деді Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Ерғали КӨШЕКЕ.

Айта кетейік, биыл халық арасында ақпараттық түсіндіру жүргізу мақсатында 600-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда соның 275-тен астамы ұйымдастырылған. Мұндай жұмыс ары қарай да жалғаса бермек. Сондай-ақ, үкіметтік ұйымдармен бірігіп, 11 әлеуметтік жобаны жүзеге асырмақ. Әсіресе, ғаламтор кеңістігінде де мониторинг күшейе түскен. Ал, азаматтардың жат ағымның жетегіне ермеу үшін қаладағы 50 мешітте 200-ден астам діни білімі бар маман жұмыс істеуде.  

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы