Бүгін күнтізбеде жыл ауысты. Әлемді жайлаған індетке байланысты біраз халықтың мейрамды тойлау дәстүрі өзгеріске ұшырады, деп хабарлайды Almaty.tv. Биыл бұл мерекені тойлау біраз елде өзгерді. Мәселен, католиктер қауымдастығы Римде Жаңа жыл қарсаңында үйсіз адамдар, босқындар мен жағдайы төмен жандарға сыйлық табыстады. Ал көрші Мәскеуде балалар ауруханасында ерекше мейрам өтті. Карантин шектеулеріне байланысты аяз-ата мен ақшаһар рөлінде құтқарушылар мен альпенистер жаңа жылдық құттықтауын жеткізген. Ал Оңтүстік Кореяда жаңа жыл ерекше тойланбайды. Өйткені корей елі бұл мейрамды 24-25 желтоқсан күні атап өтеді екен. Бұл күндер Кореяда демалыс болып жарияланған. Оңтүстік Кореяда оқитын студент Бектош Абдуазизиов биыл Жаңа жыл күні ешқандай думан өткізуге рұқсат жоқ екендігін айтады.
«Кәрістер 24 желтоқсан Рождество мерекесін тойлайды. Бірақ 31 желтоқсанда күнтізбе ауысатындықтан, әлем көшінен қалмай, кәрістер де атап өтеді. Бірақ биыл 5 адамнан артық жиналуға болмайды. Кез келген кафе тек 21.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сондықтан биыл бәріміз үйде боламыз», – деді студент Бектош Абдуазизиов.
Түрік бауырларымыз үшін Жаңа жыл, яғни Йылбаши ресми мереке болса да, оны еуропалық сипатта тойлау құпталмайды. Түркия тұрғындары басқа елдердің салт-дәстүріне түсіністікпен қарап, шырша, шам, Аяз атаны «кеңестік мереке символы» деп есептейді екен.
«Біз жаңа жылға қатты мән бермейміз. Жай ғана адамдарға тілектерімізді айтамыз. Қазіргі уақытта осы жылы көшеге шығуға рұқсат жоқ. Карантинге, пандемияға байланысты 4 күн бойы адамдар көшеге шыға алмайды», – деді Түркия республикасының азаматшасы Гамзэ Нұр Налбант.