|
28.01.2019 | 23:22
4774

Елімізде балалар үйінің 2 мыңға жуық түлегі баспанаға зәру

Молодые люди ждут своей очереди на получение жилья от государства.

Елімізде балалар үйінің 2 мыңға жуық түлегі баспанаға зәру

Еліміздегі балалар үйлерінің 2 мыңға жуық түлегі баспанаға зәру. Жеке шаршы метрге қол жеткізе алмай жүргендерінің кейбіреуі тұрғын-үй кезегін 10 жылдан артық күтіп жүр. Ал ата-ана қамқорынсыз қалғандар кезегі жеткенімен, оларға пәтер тек жалдамалы баспана түрінде беріліп жатқаны айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv

21 жастағы Гүлдана Ыбыраева бес жасында тұлдай жетім қалған. Тағдыры ауыр қыз бала балалар үйінен шығып, баспанасы болмаған соң Қыздар орталығын уақытша паналап жүр. 2013 жылы мемлекеттік тұрғын-үй кезегіне тіркеліпті. Жақында ғана баспаналы боласың деп шақырған соң құжаттарын Қарағанды облысының Ағадыр кентінің әкімдігіне тапсырған. Алайда, жергілікті атқамінерлер Гүлданаға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тек жалдамалы пәтер бере аламыз депті.

«Менің білуімше, мен сияқтыларға үй бергенде олар мемлекетке белгілі қаржыны ай сайын төлеп отырады. Кейін ол үйді өз атыңа өткізуге болады. Мен де солай керекті соманы төлеймін, сосын үйді өзімнің атыма өткізіп аламын деп ойладым. Ал әкімдіктегілер үйде тұрғаным үшін маған ай сайын 5-10 мың теңге төлейсің, бірақ пәтер сенің атыңа өтпейді, одан шықсаң, оны әкімдікке қайтадан тапсырып кетесің дейді», – деді Гүлдана ЫБРАЕВА.

Ал Гүлдана тұрып жатқан қыздар орталығында бір жылға ғана тіршілік етуге рұқсат бар. Енді алты айдан кейін далада қаламын деген қыздың мәселесін айтып, Ағадыр кентінің әкімдігіне хабарластық. Олардың жауабы былай болды.

«Ағадыр кентінде 70 пәтерлі бесқабатты үйдің құрылысы аяқталды. Нысан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерді. Онда тек жалдап тұруға болады. Бұл бағдарламаның ережесіне сай, пәтерді жеке атына өткізе алмайды. Тағы да айтамын, азаматтар тек жалдап тұрады. Біз ештеңемен көмектесе алмаймыз. Бұйрық қалай шықты, үйді солай береміз», – деді Қарағанды облысы Шет ауданының Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дархан СМАИЛОВ.

Дархан Смаиловтың сөзінше, Ағадырда Гүлдана секілді 17 адам бар. Барлығына  тек жалдамалы баспана қарастырылған. Бірақ тұрғын үй заңнамасында әке-шешесіз қалғандар әлеуметтің осал тобына жатып, оларға құрылысы біткен нысаннан пәтер бірінші кезекте тегін берілуі де тиіс екен.        

«Орталыққа келетіндер заң мен құқықтарын білмейді. Біз оларға үйге қандай құжат керекгін үйретеміз. Сондай-ақ біз орталықта болған қыздардың қаншасы пәтер алғанын әрдайым бақылаймыз. Соңғы санақта 32 бойжеткеннің тек 4-еуі ғана өз үйін алғандығын анықтадық. Қалғандары ұзық жыл өз кезегін күтеді. 10 жылдан артық күтіп жүргендер бар», – деді «Ана үйі» қоғамдық қорының Астана қаласы бойынша балалар үйінің түлектерін қолдау орталығының үйлестірушісі Гүлнара ХАМИТОВА.

Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғайтын комитетте бұл жағдайды басқаша түсіндірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, 18 жастан асқан тәрбиеленеушілерге жергілікті атқарушы билік қандай шартпен үй беретінін өздері шешеді. Бұл ретте жетімдерден басқа, өзге де осал топ өкілдері бар екенін ұмытпаған жөн дейді ведомство өкілдері.

«Көп аймақтарда бұл тәжірибе бар. Олар мемлекеттен жалдамалы үй алады. Ал оған ай сайын төленетін қаржы жеке адамдар жалдап тұратын пәтерден ақысы айтарлықтай аз. Жалпы, тұрғын үйді кімге, қандай шартпен беретінін әкімдіктер өздері біледі. Ата-ана қамқорынсыз, жетім балаларға пәтер бөлінгенде ол жалпы қарастырылған тұрғын үй кезегенінің 20 пайызын құрауы керек. Демек, өзге де осал топтағылар баспанаға қол жеткізуі тиіс», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне қарасты Қамқоршылық және халықаралық асырап алу басқармасының жетекшісі Махаббат БЕГАЛИНА.

Бүгінгі күні еліміздегі балалар үйлерінде 5 мың жеткіншек тәрбиеленуде. Өткен жылы бұл мекемелерден 700-ден артық жас шыққан. Олардың 101-і жоғары оқу орындарының, 600-ден артығы орта білім ордаларының табалдырығын аттаған.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир