Қазақстанның 6 өңірінде су басу қаупі сейілген жоқ

07.04.2021 21:02

Ол мекендерде 43 мыңнан астам адам тұрады

inform.kz

Еліміздің 6 өңірінде 43 мың тұрғыны бар 171 елді мекенде су басу қаупі сейілген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің өкілі айтты. Оның сөзінше, елдің оңтүстік өңірлерінде су тасқыны қаупі азайғанмен, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының тауларында қар әлі көп. Оның белсенді еруі тау өзендерінде су тасқынына әкелуі мүмкін.

«Ауа райына байланысты Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 171 елді мекенін су басу қаупінің жоғары деңгейі сақталуда. Ол мекендерде 43 мыңнан астам адам тұрады», — деді  ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Әмрин.