|
27.01.2023 | 18:24
18585

Түркістан облысында 80 жастан асқан қария шаңырақ көтерді

Облыстық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 167 адам бар

Түркістан облысында 80 жастан асқан қария шаңырақ көтерді Almaty.tv

Түркістан облысындағы Қарттар үйінде осымен екінші рет 80 жастан асқан қария кісілер шаңырақ көтерді. Олар №2-інші арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі жарты бір бүтін болған ерлі-зайыптылар осыдан 4 ай бұрын отбасын құруға бел байлапты. Қарттар үйінде 10 жылдан бері тұрып келе жатқан Салтанат Ешанқожаева жолдасын кезіктіргеніне қуанышты екенін айтты. Бір-бірін танып, шаңырақ көтергендеріне 4 айдан асыпты. Жасымыз 80-нен асса да  өзімізді сергек сезінеміз деген ерлі-зайыптылар Қарттар үйінде уақытымыз өте көңілді өтеді дейді.

«Демалып отырсам, қасыма келіп «мені сені ұнатып қалдым» деді. Мен сенен үлкенмін ғой десем, «ештеңе етпейді жасыңды бөлісіп аламыз» деп қалжыңдады», – деді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Салтанат Ешанқожаева.

«Махаббат болуы керек. Сыйластық болған соң махаббат та болады ғой», – деді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Қашымбек Мұсақұлов.

Облыстық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 167 адам бар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұнда бір-бірін ұнатып, отау құрғысы келетіндер жиі кездеседі. 

«Орталықта 120 ер, 54 әйел және 49 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Қазір келушілер саны азайды. Менің мұнда жұмыс істеп жатқанымызға 8 жыл болды. Осы аралықта байқағаным, отбасында әжелер қайтыс болған соң, атасын күтіп жасай алмай, осында алып келеді», – деді №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Дашти Каримов.

Айта кетейік, орталықта қарияларға барлық жағдай жасалған. Дегенмен Қарттар үйінің өз шаңырағындай бола алмасы анық. Мұны ескерген мамандар, орталықты паналағандардың отбасына түсіндіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде, 7 қарияны туысы үйіне қайта алып кеткен.

Әсел Мәлік, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир