Алматыда қазақтың ән өнерін паш еткен, дәстүрлі әннің дүлдүлі Әміре Қашаубайұлының қабірінің басы жаңартылып, белгітас орнату шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орталық қабірстан басында өткен шараға Шығыс Қазақстан облысынан келген арнайы делегациямен қатар ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары қатысты.
Бұл игі істің идеялық бастамашысы «ән атасының» есімін иеленген ШҚО Мәдениет басқармасына қарасты филармонияның директоры, күйші-композитор Бекбосынов Айбек Серікболсынұлы болса, қаржылық демеу білдірген «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры, атап айтқанда «Ақшың» корпорациясының директоры, қор төрағасы Құрманбаев Марат Серікжанұлы, Сәтбек Кәрібжанов, Әнуарбек Бимурзин сынды ел азаматтары, қор мүшелері бар.
Айта кетейік, Қазақтың дәстүрлі ән өнерін Парижде, Майндағы Франкфуртте, Страсбург қаласында, Ресейдің Иркутск, Әзербайжанның Баку қаласында паш еткен тұңғыш өнерпаз 1925 жылы Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен жолыққаны себеп болып, екеуінің бір-бірімен байланысы бар адамдар деп Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшыларының тізіміне іліккен болатын. 1934 жылы 7 қараша күні дәм-тұзы таусылып, жер қойынына енген жердің қараусыз қалып, қай жерге жерленгені, мүрдесі, зираты жоғалып 30 жылдан кейін үнтаспасы табылып, ізденістер нәтижесінде көп ұзатпай мүрдесін де тапқан оқиға тарихта орын алды.
Зиялы қауым өкілдерінің Д.Қонаевқа жазған хатынан кейін Қазақ ССР Министрлер Советіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде Әміреге орнатылатын ескерткіш мүсінінің эскизі мен жобасы бекітілгенмен мүсін орнатылмады. Араға 58 жыл салып, 1992 жылы 1992 жылдың 5 қарашасы күні ғана Әміре қабірінің басына құлпытас орнатылды. Құлпытасты Қазақ ССР еңбек сіңірген әртістері, әнші Кенжегүл Сыздықова мен оның зайыбы Дмитрий Гусинцов 60 мың рубль шығарып жеке қаржатымен тұрғызды. Ал әншінің туған жерінде 2007 жылы «Бұл жерде 1888 жылы ән атасы - Әміре дүниеге келген. Қашаубай қыстауы» деген кішігірім тас белгі қойылған болатын.
Райымбек батыр даңғылы (Ташкент көшесі) орналасқан Орталық қабірстанда Әміремен қатар қазақтың бетке ұстар қаймақтары: Дина Нұрпейісова, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Қалибек Қуанышбаев, Әмина Өмірзақова тағы да басқа 1970 жылдарға дейінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мәңгілік мекені де осы жерде.
«Осы орайда айта кету керек, ұсыныс ретінде бұл пантеонды мәдени нысанға айналдырып, туристік мақсатта пайдалануға болатыны айтылып келгенімен тағы ескерілгені жөн деп есептейміз», – дейді Әміре филармониясының директоры Айбек Бекбосынов.
30 жылға жуық арада Әміренің қабірінің басы тозып, жан-жақтағы темір қоршаулары тоналып, аз-кем мәрмәр плиталары сынған күйінде болған еді.
Қазақстан Тәуелсіздігің 30 жылдығы мерекесі орай Әміре атамыздың қайтыс болған күні жаңарған қабір басына қомақты қаржы бөліп, ашылу салтанатын жүргізіп жатқан жерлестері және Әміре есімін иеленген киелі өнер ордасы филармония басшылығы атынан баба рухына тағзым жасалынды.