Қазір аймақта апаттың алдын алу шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр
Атырауда төрт-бес күннен кейін су тасқынының шарықтау шегі болуы мүмкін. Мұндай мәлімдемені Премьер-министрдің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір қаланы қорғайтын бөгеттердің жалпы ұзындығы 252 шақырымға жеткен. Сондай-ақ ұзындығы 24 километр болатын жаңа арнаның жұмысы да бақылауда.
Азаматтардың айтуынша, түн ортасында бөгет жарылып, ауылды су басқан. Олар: «ескі құбыр жарылып, содан су жер-көкке тарады» дейді. Ал аудан әкімшілігі алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Қазір аймақта апаттың алдын алу шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр.
«Су ескі құбырлардан кетіп жатыр деген болжам бар. Қазіргі уақытта оны ашып қарауға мүмкіндіқ жоқ. Қазір толықтай тұйықталып, бақылауға алынды», – деді Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.
Қазір қарғын суды қауіпсіз аймаққа бұру және бөгет тұрғызу қарқынды. Оған 30 бірлік техника, 20 су айдау құрылғысы тартылып, 300-ден аса адам жұмыс істеп жатыр. Ал соңғы ақпарға сүйенсек, Жайықтың бұл аумаққа қарасты бөлігінде деңгей 1 038 сантиметрге жеткен. Бұл дегеніміз, су қауіпті межеден 2 метрге асып кетті деген сөз. Аймақта Индерге кіре берістегі жолды да су шайған. Қазір тасжолдың бұл бөлігі жабылды. Аталғандардан бөлек, жергілікті билік Атырау іргесіндегі Ақжар ауылында тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатқанын еске салды. Әзірге су қорғаныс бөгеттері мен бекіністеріне әлі жеткен жоқ.
«Төтенше жағдай басталғалы бері жұмыс істеп жатырмыз. Қазір кезекшіліктеміз. Су өзінің деңгейімен келіп жатыр. Дамбаға әлі жете қойған жоқ», – деді С. Датов атындағы орта мектептің мұғалімі Рашид Жұмағұлов.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ауданға арнайы барып, су тасқынына дайындықты пысықтаған еді. Қазірге дейін бекітілген бөгеттердің жалпы ұзындығы 30 шақырымға жеткен. Аймақта апаттың алдын алу үшін жұмыс қызу. Ал, қауіпті деген бес ауылдық округ бақылауда.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Су тасқыны: 54 мыңнан астам адам өз үйіне оралды